Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «АТАМҰРА» КМҚК
ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫ МУЗЕЙІ

«Музейге сый тарту» акциясы

Музейге құнды жәдігер табысталды.
Жылыой ауданында Халықаралық музейлер күніне орай айтулы оқиға орын алды. Өлке тарихы мен бабалар мұрасын қастерлеген аудан тұрғыны Қожаниязов Елтай өзінің отбасылық жәдігерін музей қорына салтанатты түрде табыс етті.
18 мамыр — Музей күні мерекесінде Елтай ағамыз көп жылдар бойы үйінің төрінде сақталып келген көненің көзі — келі мен келсапты мұражайға сыйға тартты. Бұл жай ғана тұрмыстық зат емес, бірнеше буынның тарихын бауырына басқан, терең сыры бар асыл қазына.
Аталған тұрмыстық бұйымды пайдаланған Елтай ағаның әжесі — Оңдасынова Нәсіп. Әжеміз бұл бұйымды сонау қиын-қыстау 1930 жылдары күнделікті тұрмыс-тіршілікте, ақталған тары түйіп, отбасын асырау үшін пайдаланған. Сұрапыл замандардан аман өтіп, бүгінге жеткен бұл жәдігер — қазақ әйелінің төзімділігі мен берекесінің символы іспеттес.
Музей басшылығы мен ұжымы өлке тарихын түгендеуге атсалысып, баға жетпес жәдігерді аманаттаған Елтай Қожаниязовқа шексіз алғыстарын білдірді.
Өткенін қастерлеген елдің өрісі кең. Өз әжесінің тұтынған затын төрге емес, мұражайға аманаттап, көптің игілігіне ұсынған азаматтың ісі көпке үлгі.