Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «АТАМҰРА» КМҚК
ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫ МУЗЕЙІ

Тарихи-мәдени ескерткіштері

Жылыой ауданынан «Қазақстанның киелі жерлері картасына» енгізілген нысандар 

 

Ұшқан қалашығы

Ұшқан қалашығы— ХІІІ-ХІҮ ғасырларда Алтын Орда дәуірінде пайда болған. Қала Шығыс Европадан Сарайшық арқылы Хорезмге баратын сауда жолы бойында орналасқан. Италияндықтардың ХІҮ ғасырдағы картасында «Тристарго» қаласы деп көрсетілген.

Ұшқан (Тристарго) қаласы туралы алғашқы мәлімет италияндықтардың ХIV ғасырдағы картасында кездеседі. Картада Алтын Орда қаласы «Тристарго» деп көрсетілген. ХIХ ғасырда Ұшқан қаласы туралы А.И.Левшин жазады. Оның Ноғай сауда жолындағы қала болғанын, ол жерде тұщы құдық бар екенін атап өтеді.

Қаланың көлемі: 150 х 80 метр солтүстіктен-оңтүстікке созылып жатыр. Мәдени қабатының биіктігі 35-40 см. Қала үсті қорымның құлпытастары мен сағанатамдары қатты бүлінген. Қаладан шығыста, 50 метр жерде көлемі 8-10 метрлік болатын 4 кірпіш күйдіру пештері анықталды. Археолог Л.Л.Галкиннін пікірінше қала қөлөнер қаласы емес, «әулиелі» жер болған. Ол қалада қыштардың аздығы мен мәдени қабаттың жұқалығын атаған. Қала ХIV-ХV ғасырда салынған деп анықталған [3].

Ұшқан қорымын М.М. Меңдіқұлов,  С. Әжіғалиев, З. Самашев зерттеген. Қала аты туралы аңыз әңгімелер бар. Ел аузындағы аңыздан белгілі оқымысты Ұшқан–ата Мысыр қаласынан туысқандарының кегін алу үшін келе жатып қаза тапқан жері болғандықтан осылай атаған дейді.

Маңғыстаулық ғалым Серікбол Қондыбай Ұшқан атауын Тристаргомен теңестірілуін «три-үш» сөзі арқылы өзгерген дейді. Ол Қырымның батырлары цикліндегі «Үш қиян» мекенінің атауы деген болжам келтіреді [4, 22б].

Ал, италияндық зерттеуші Ф. Брун Ұшқан-ата атауын Трестарго (Тристарге) қаласы деп белгілеген дейді [5, 32б].

Ұшқан қаласы жанында тұщы сулы бұлағы бар XIV-XX ғасырға жататын сәулеттік-сәндік және тарихи-этнографиялық маңызы бар ескерткіш Ұшқан ата қорымы бар. Ол ХІХ-ХХ ғасырларға жататын Қазақстанның ең қастерлі киелі жерлерінің тізіміне енгізілген жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші.  Құлсары қаласынан оңтүстік-шығысқа 40 км. орналасқан. 100-дің үстінде құлпытас, қойтас, сағанатам, сандықтас бар.

Қорымның атауы осында жерленген «әулие» Ұшқан атаға байланысты. Алайда, басқа да жорамалдар бойынша атау «үш аққан» немесе «үш қан» сөзінен шыққан делініп, XVIII ғасырдағы  қалмақ-торғауыттар мен қазақтар арасындағы қанды қырғындармен байланыстырылады. Уақыты XIV-XX ғасыр аралығын қамтиды. Ол өткен ғасырлардағы көшпелі қазақтардың көктемгі және күзгі көш жолының бойында орналасқан.

Ұшқан ата қорымында екі мыңнан астам қабір бар. Мұндағы шикі кірпіштен тұрғызылған ортағасырлық ескерткіштер нашар сақталғанымен, кейінгі уақытта салынған кесене мазарлардың күні бүгінге дейін алғашқы қалпы көп өзгермеген. Қорымдағы құлпытастарды пайда болу ерекшелігі жағынан үш кезеңге бөліп қарауға болады.

  • XVII –дің ортасынан XIX ғасырға дейін сәндік элементтердің (декор) айқын, анық, көлемділігі;
  • XIX ғасырдың орта шенінен, жай рельефті әсемдік элементтер мен эпиграфиканың үйлесімділігі;
  • XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы ескерткіштердің өте үлкен бағанаға ұқсастылығы.

 


Дүйсеке ата мешіті

Дүйсеке ата мешіті– ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасыр басына жататын жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші.

Жылыой ауданының орталығы Құлсарының солтүстігінде 12 шақ. жерде орналасқан, күйдірілмеген шикі кірпіштен салынған архитектуралық ескерткіш.

Мешітті 1888-1903 жылдары Дүйсенбай қажы салдырған. Ол кісіні Дүйсеке ата деп те атайды. Дүйсеке ата 1833 жылы Жылыой топырағында туған, жастайынан дін жолына түскен. Бұқара, Үргеніш, Хорезм қалаларында бірнеше жыл діни оқу оқып, Бұқарадан бітіреді. Уақытында  Дүйсеке ата салдырған мешітінде 40 жыл азан шақыртып, бала оқытқан, мешіт-медресе ретінде де пайдаланылған. Өткен Кеңес үкіметі тұсында 70 жыл бойы мешіт күтусіз қалды. Дін өкілдерін қудалау басталғанға дейін мешітте Оспан молда болған деседі.

Тарихи деректер және 1957 жылғы темір плитаға сәйкес мешіт 1888 – 1903 жылдары (кейбір деректерде, 1868 – 1870 жж.) салынғаны айтылады. Мешіттің құрылысшысы – халық сәулетшісі, сол кездегі мешіттер құрылысының шебері Бірман ұста болды.

Мұнда Бөгенбайұлы Дәріштің ұлдары мешіт жанындағы медреседе азаншы және оқытушы ретінде қызмет еткен. Солардың бірі, Қалдыбай ата 30 жыл мешітте азаншы болған. Оның керемет, әдемі дауысы болған, Сабыр Әбеновтің айтуынша, Қалдыбай ата таңғы намазға шақырған кезде оның дауысы Шоқпартоғай ауылынан Мойылды ауылына дейін естілгенін айтады. Екі ағасы – Ахмет пен Оспан азаншы және мешіт жанындағы медреседе оқытушы болып қызмет жасады.

Мешіт тік бұрышты етіп салынған, әр қырының ені 2 м. болып келетін күйдірілген кірпіштен тұрғызылған конус пішінді 6 күмбез бар. Мешітке кіре беріс 2 қатарлы, сол жерде жоғары көтерілетін баспалдақ бар. Екінші қатардағы бөлмеде кітапхана, үшінші қатардағы айналасы әйнекті қоңырау бөлмесі, одан жоғарырақ төбесінде айы бар күмбез болған. Кіреберістегі бөлменің сол жағында кебіс тастайтын дәліз, оң жағында үлкен зал, оған жалғас 6 бөлме орналасқан. Әр бөлменің төбесінде бір-бір күмбез және бір-бір терезе болған. Қабырғасының қалыңдығы 1,5м. Бастапқыда биіктігі 2м. болып келетін дуалмен қоршалған. Дуалдың оңтүстігінде дарбаза қақпа болған. 1928 ж. жөндеуден өткенімен біраз жылда кейін тозығы жетіп ескірді, Дүйсеке мешіті ислам дінін кеңінен уағыздады, онда бас имамдықты Дүйсенбай (Дүйсеке) кейін баласы Нәби атқарды. Сәулет ескерткіштерін қорғау жөніндегі республикалық ұйым жергілікті халықтың көмегімен мешітті қалпына келтірді. Жем арқылы өтетін көпірде «Дүйсеке ата көпірі» деп атап көрсеткіш орнатылған. Арнайы «Дүйсеке ата мешіті» қоры құрылды. Қордың ұйымдастыруымен 2018 жылы мешіт қайта жаңғыртылды, сырты кірпіш тастан қаланып, қасынан түнек үй салынды.

 


Жұбан тамы

Жұбан тамы— 1880-1898 жылдар салынған Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші.

Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласынан  солтүстікке қарай 90 шақырым жерде биік төбенің үстінде орналасқан. Жемнің солтүстігінде, Иманқара тауының оңтүстік-шығысында орналасқан. ХІХ ғасырдағы сәулет өнерінің үздік туындысы ретінде 1982 жылы республикалық дәрежеде қорғауға алынған.

Ескерткішті алғашқы рет 1973 жылы В.И. Ленин атындағы ҚазПТИ  архитектуралық экспедициясы, 1979 жылы Т. Джанысбеков бастаған экспедиция зерттеулер жүргізді.

Кесене қазақ халық сәулет өнерінің ең көрнекті ескерткіштерінің бірі болып табылады. Ол 20 метрлік тегіс төбенің басында орналасқан, өйткені дәстүр бойынша мұндай құрылыстарды салу үшін әрдайым аймақтағы ең биік орын таңдалды. Осы жерден көптеген шақырымдардың даланың әсем көрінісі ашылады, әсіресе көктемде, далада көптеген гүлдер мен шөптер гүлдеген кезде әдемі болып көрінеді.

Мазар — Адай руының Құдайке – Қосай – Тіней аталығынан шыққан Жұбан байдың жайлауынан өз өсиеті бойынша 1880 жылдардың аяғында салына бастады. Жұбан 1894 жылы дүние салған. Құрылыс жұмысы 1898 жылы аяқталған.  Мазардың күмбезімен қоса алғандағы биіктігі 9,05 метр, тік бұрышты жоспарда (5,85 х 6,75 метр) салынған. Ескерткішті құрылысы жағынан алып қарағанда Батыс Қазақстандағы көптеген тақта тасты мазарларға ұқсайды. Сырты мен іші әшекейленіп, оюланған мазарды салуға пайдаланған әктас – ұлутас Қобыланды аталатын жердегі Таскескен карьерінен жеткізілген. Мазардың ішкі қабырғалары түрлі – түсті бояумен өрнектелген. Оның ішінде 5 қабір және Жұбан байдың құлпытасы бар. Әдебиетте Жұбан мазарын (тамын) 1895 немесе 1898 жылдары Нұғман ұста салған деп жазылған. Алайда, мазардың ішкі қабырғасындағы соңғы жазуларға қарағанда құрылысты салушы Шәнен Бекбайұлы делінген. Сонымен қатар, осы сирек кездесетін мазарды танымал сәулетші Қаражүсіп ұлдары: Дүйсенбай, Өмір, Игібай салды деген деректер бар.

Алайда кесене құрылысының тағы бір нұсқасына, сәйкес бұл сәулет ескерткішін атақты шеберлер — ағайынды Оңғарбай, Мұңалбай, Өмірбай, Итбай, Иманбай Қаражүсіповтер тұрғызған делінеді.

Дегенмен де осындай үлкен ескерткішті тұрғызу тек қана ірі байлардың қолынан келген. Сәулетші М. Меңдіқұловтың анықтауынша («Памятники народного зодчества Западного Казахстана», А., 1987) Жұбан мазарының құрылысына 20 мың рубль, 10 жылқы, 122 қой, 1 пұт шай, 15 пұт секер жұмсалған Жұбан тамы туралы М. Меңдіқұлов еңбегінде, С. Шалабаев, Е. Өмірбаев, Қ. Сыдиықовтардың «Маңғыстау» (А., 1974) кітабында, «Қазақ совет энциклопедиясында» (7-том, 1967 ж) айтылған.

 


Құлшан ата жерасты мешіті

Құлшан ата жерасты мешіті – ХҮІІІ-ХХ ғасырларға жататын жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші.

Құлсары қаласынан шығысқа қарай 67 км жерде биік төбенің батыс жағында орналасқан. Қорым саман тасты сағанатамдар мен шағын сәулеттік пішіндегі құлпытастарымен ерекшеленеді. Құлшан ата мешіті екі бөлмеден тұрады, оның біреуіне мешіттің негізін қалаушы жерленген. Мешітке жақын маңда түнек үйі тұрғызылған, басында шырақшысы бар.

Құлшан ата – Бекет Мырзағұлұлының әрі жиені, әрі шәкірті. Құлшан ата Бұхарадағы, Хиуадағы діни медреселерді тәмәмдаған. Ақмешітке зиярат етуге шыққан жолаушы алдымен жол бойындағы Құлшан ата басына дұға оқып өтуі тиіс. Себебі, кейбір деректерде айтылатынындай, Бекет бабаның өзі «Ақмешітке зиярат жасап келушілер жолай жиенім Құлшан бейітіне соғып, дұға оқысын» деп тапсырған делінеді.

Құлшан ата халыққа көп пайдасы тиген, әулие атанған адам. Құлшан атаның зайырлық қасиеті жоғары, өзі ерекше қасиетімен танылған. Таулы жерден үңгір қазып, жерасты ғимаратын салған. Атаның жатқан жерінен кез келген адамға емес, бірақ, ара-тұра жылан көрінеді екен. Ал, аптаның бейсенбі мен жұма күндері от байқалатын болған.

Жем бойындағы елдер, алыстан келушілер басы науқастанып, балтыры сыздағандар,  баласы ауырып, малы алмағандар, көтеріліп ауырғандар тәу етіп топырақ алып, жандарына шипа табатын. Қазірде де атадан медет тілеп түнеушілер баршылық. Ата Пайғамбар жасына жеткенде кейін өзі жерленген орыннан жерасты үңгірін қазып алып, соны мекендеген.

Құлшан атаның бесінші ұрпағы, қазір шырақшылық қызмет атқарып отырған Оңайқұл Елеусіновтің айтуынша, қасиет иесі 1849 жылы дүниеге келіп, 1905 немесе 1910 жылдары дүниеден өткен.

 


Шолабай діни-тұрмыстық кешені

Шолабай діни-тұрмыстық кешені– ХІХ-ХХ ғасырларға жататын жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші. Құлсары қаласынан оңтүстік-шығыс бағытына қарай 132 шақырым жердегі Желтау тауында орын тепкен. Жалпы көлемі шамамен 500х750 метр аумағын қамтып жатыр, 5 бөліктен тұрады. Орталығында мешіт, тұрғын үйлер бар. Кешен ішінде тұрғын үй құрылыстары, малға арналған қоралар, бақылау пунктіне ұқсайтын бөлмелі ғимарат кездеседі.

Кешенді 2004 жылы С.Е.Әжіғали бастаған Батыс Қазақстандық этноархеологиялық экспедициясы зерттеп, анықтады. Кешеннің үш жағынан жоталар қоршаған. Онда сәулеттік құндылығы бар мешіт, құлпытас, үштас, сағанатам, тұрғын үй және т.б. көптеп кездеседі. Шолабай кешенінде Адай руының және ішінара Ысық руының адамдары жерленген.

Кешен көркем әсем жерде орналасқан, суық солтүстік желден қорғанатын жан-жағы қоршалған ойпаңда орналасқан. Бұл таза судың көзі және бай табиғаттың өзі тұрғындардың көшіп келіп тұруына жайлы болып келеді. Салынған құрылыстар табиғи ландшафтқа үйлесе отырып, табиғи террассада орналасса, ал қорым тау бөктерінде орналасқан.

Қазақ ауылдары үшін тұрғын үй ғимараттарының архитектурасына тән емес, өйткені құрылыстарды салуда негізгі материал ретінде тау тастарын пайдаланған. Салынған үйлер ғимараттары негізінен сәклі типінде тұрғызылған. Қорымдағы бейіттер тастан қаланған құлпытастармен, қойтастармен безендірілген, тастан сағанатамдар мен мазарлар салынған. Бұл — XVIII ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ сәулеті мен сәулет өнерінің жарқын үлгісі болып табылады.

 


Шерліғұл діни–тұрмыстық кешені

Шерліғұл діни–тұрмыстық кешені— ХVІІІ- ХХ ғасырлар басына жататын жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші. Географиялық орналасқан орны: Жылыой ауданы, Құлсары қаласынан шығыс-оңтүстік-шығысқа қарай 139 км.

Сипаттамасы: Ескерткіш тұрғын үй құрылыстарының қалдықтарынан және жерлеу құрылыстарынан тұрады. Мешіттен, 2 мазардан, 10 қойтастан, 15 сағанатамнан, 50-ден астам құлпытастан, 50 қоршаудан және 200-ге жуық құлпытастан тұратын тұтас бір ансамбльді ескерткіштер тобын құрайды. Жақын жерде тұрғын үй-жайлардың, мал қораларының және басқа ғимараттардың қираған қалдықтары бар. Қорыммен бірге тұрғын үй кешені сол кездегі қазақтардың мәдениетін түсініп білу үшін маңызды тұтас тарихи ескерткіштердің көрнісін береді.

Кешен исламды уағыздаушылардың бірі, әулие және танымал емші ретінде танымал болған Шерліғұл Сәттіғұлұлының (1830-1920 жж) есімімен аталады, аңыз бойынша, ол 12 жасында рухани білім алу үшін Бұхараға барып, Түркия мен Шығыс Араб елдерін аралаған. Шерліғұл 22 жасында үйіне елге оралып, бірінші кезекте ол Желтаудың шығыс бөлігінде мешіт салып, балаларды оқытып, емшілікпен айналысқан. Осы уақытқа дейін халық арасында бұл адамның әулиелігі туралы аңыздар сақталған.

 


Жем өзені

Жем өзені — өзі басталатын Мұғалжар тауымен қатарлас десек, Мұғалжар Орал тауының жалғасы. Жылыой өңірінде Жем өзеніне құятын салалар жоқ. Тек қар, жаңбыр суы құятын терең жыралар кездеседі. Арнасы Дүйсеке ата көпіріне дейін кеңейіп, көпірден кейінгі салаларға бөлініп, үлкен алқаптарды суға толтырып Каспийге құйған. Қазір суының аздығына байланысты теңізге құймайды. Жылыой өңірінде 19 колхоз ұйымдастырылған болса, соның 7-і көпірдің жоғарғы жағында орналасқан делінеді. Аталған колхоздардың орналасуына байланысты тұрмыс – тіршілік, географиялық орналасуына байланысты түрлі жер – су атаулары пайда болған. «Ойхой, ол кезде Жемнің несін айтасың. Жем еді ғой! Кең еді ғой. Ел екі жағасына егін егетін еді ғой» -деп Жанат Нұрмаханова «Дүсіптің ұлы Дияр» деген кітабында таңдай қаға айтады. Кітапта  көп жер атаулары айтылған. Сол атаулардың көбі уақытқа, шаруашылық түрінің өзгеруіне, пайдаланбауға  байланысты ұмытылуға айналған. Атаулардың көбі 1930 жылдардан бері қарай қалыптасқан.

Жем ұзындығы 712 шақырым, ерте ғасырда «Гем» аталғанын А.Левшин айтса, В.В. Радлов шығыс түркі тілдерінде «Кем» — өзен екенін айтқан.  А.Әбдірахманов: «Сібірдегі түркі халықтары Енисей өзенін Кем – Гем деген. Ал басқа шығармада «Жем» атауы Ноғайдың «Ем» сөзінен шыққан деп айтылады. Себебі, Қырғыздардың жырды «ыр» дейтіні сияқты, ноғайлар «Жемді», «Ем» деп атаған көрінеді. Сондықтан Гем өзені қазақ тілінде бұрмаланып Жем аталып «өзен» мағынасын білдіруі мүмкін» дейді.

  1. Көбіне адамдардың мал қыстатып отырған жеріне байланысты Жемнің оң жағасында Естебай тоғайы, Қазы тоғай, Шәнен тоғай, Омар тоғай, сол жағалауында Туаш тоғайы, Әбі түбек деген атаулары бар. Тоғай сөзіне жоғарыда анықтама берілген. Жем өзені алқабының шөбі қалың, жыңғылды, талды, ықтасыны көп алқапқа мал қыстатқанда сол тоғайларды адам атымен атаған.
  2. Әр төбеге, биік жерлерге қойылған қасиетті адамдардың бейітімен атымен аталған жерлер, мысалы, Асанқожа, Бақа, Ақмешіт, Құлшан ата, Қосмола, Сәттің моласы, Жарты мола, Жадырасын, Қараш мола, Шыңдауыл, Қазбек, Бақашы, Сарнияз, Жәлеке атаулары дәлелдеуді қажет етпейді.
  3. Географиялық тұрғыда топырақтың түсі мен өсімдіктердің түрімен, жер бедері сор, бұлақтарға байланыстыра аталғандығын аңғаруға болады. Қаражар, Жанбике бұлақ, Ұлтас, Терісаққан, Ақжар, Сарқұмақ, Досының ағы, Қараман соры, Кіші, Үлкен Аралтөбе, Үшсай, Жыңғылды тоғай, Қоңыр орпа, Есекжал, Күре, Биікжал, Қырғын, Орлыкөл, Кебіртұмсық, Қасқырбұлақ, Тақырбұлақ, Жаманқұмақ, Айнымас, Қоңырқұдық, Жетішымырау, Қаражал, Желтау, Шөптікөл, Қаракөлдеу, т.б. болып келеді.

 


 

Иманқара тауы

Иманқара тауы– Атырау облысы, Жылыой ауданындағы Құлсары қаласынан солтүстік – шығыста 60 шақырым жерде орналасқан. Таудың ұзындығы 2 шақырым, ені 300 метр, биіктігі 200 метр. Тау үсті тегіс жазық болып келген. Үстіндегі жазықта 18 қорған орналасқан.

Көне түрік тіліндегі Иман және қара сөздерінен қалыптасқан атау  «Жаманқара» мағынасын береді десе, Атырау энциклопедиясында (230 бет) Сазды шөгінділер мен кірленген құмдар, қоңыр — қошқылдан қара түске дейінгі жыныстардан тұрады. Қара деп аталуындағы екінші буын топырақ түсі болады деп көрсеткен.

1989-1991 жылдары 6 обаға археологиялық қазба  жұмысы жүргізілген. Біздің эрамызға дейінгі V-ші ғасырға жататын қабірлер ашылды. Оларда адам сүйектері жерленіп қастарына қанжар, қола жебе, қола айна, шыны моншақ, қыш ыдыстар қойылған. Қорғандардың биіктігі 0,5-1 метр, диаметрі 3-15 метр аралығында. Батыс Қазақстан археологиясының жетекшісі З.Самашевтің зерттеуінше, бұл қорғандарда сарматтар жерленген. Иманқара тауы ерте кезден қасиетті тау болып есептелген. Ол ерте темір дәуірінде, орта ғасырларда адамдар табынатын әулиелі жер болған. Таудың батыс сілемінде құлпытастар бар.

Иманқара үңгірі — көне адамдардың мекені болып есептелетін, Иманқара тауының батыс сілемдерінің етегінде орналасқан ерте дәуірлік Жылыой ауданындағы өзіндік ерекше  археологиялық ескерткіш. Ол құмайтты тас араласқан тау жыныстарының қуысында  орналасқан. Үңгірдің биіктігі 2 метр, ені 2,5 метр. Тереңдігі 25 метр, тіктөртбұрышты болып қазылған. 3 дәлізден және қосалқы қуыстардан тұрады. Жұмсақ құмайт жынысты кеулеп қазып қосалқы дәліздер жасалған. Қабырғаларында күрек, қайла іздері байқалады. Үңгір қабырғалары мен төбесі күйеден қарайған. Іштен шығарылған тау жынысы 10 метр қашықта үйіліп жатыр.

1944 жылы бұл үңгірге неміс-фашистердің диверсиялық топтары жасырынған деген аңыз-әңгіме бар. Ол туралы «Қатерлі қияда», С.Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» деген әдеби кітабында баяндалған.

Қазіргі кезде кейбір зерттеушілер үңгірді 1911 жылы жасалған деп есептейді. Ағылшын кәсіпкері Нобель 1911 жылы Ембімұнай кендерін іздестіруге концессия алған. Сол кезде «қойма» ретінде қазу мүмкін – дейді Ю.Пастухов. Оған дәлел ретінде мұнай қондырғысының «кездігі» орнын көрсетеді. Бірақ қойма ретінде үңгір қазған қаншалықты қиын. Жертөле немесе үй салу әлде қайда арзанға және оңайға түсетін еді.

Иманқара үңгірі алғаш табиғи үңгір болуы мүмкін, кейін ол тау жыныстарының жұмсақтығынан кеңейтіліп, қазіргі жобасына өзгертілген. Алғашқы адамдар бұл өңірді Жаңа тас (неолит) дәуірінде біздің эрамызға дейін 5-3 мың жылда мекендегені белгілі. Кейін ерте темір дәуірінде және орта ғасырларда Иманқара тауына адамдар мекендеп обалар мен қорымдар салған. Осы кезеңде Иманқара үңгіріне де  адамдар қоныстануы мүмкін. Кейінгі кезде үңгірді жерасты ғибадатхана ретінде пайдаланған болса керек. Иманқара тауы сонау ерте кезден қасиетті, әулие тау болып есептелінген. Ұшы қиырсыз жазық даладан тау ондаған шақырымнан ерекше асқақтап көрінеді. Табиғаттың шеберлігіне тәнті боласың. Таудың жанында ақ ұлу, бор тастан жасалған кішігірім ақ төбелер орналасқан. Қазақстан жеріндегі таулар туралы аңыз, дастан, тарихтар айтылып, қасиетті, әулиелі жер ретінде есептелгені белгілі.

Ал, жасанды үңгірлердің жасалуына екі жол бар. Біріншісі: пайдалы қазба байлықтарды іздеуден қазылған шахталар мен рудниктер. Жезқазған жерінде өте ерте кезде мыс кендерін  қазып алғанда жасанды үңгірлер пайда болатыны анықталған. Екіншісі: үңгірлерді отқа табынушылар (зоорастристер), буддалықтар жер асты храмдары ретінде үңгір қылып қазып алғандары белгілі. Оңтүстік Қазақстанда олардың бірнешеуі белгілі. Сондай-ақ, Маңғыстау жеріндегі ондаған жер асты үңгірлері мен қорымдары ислам діні келгенге дейін «киелі орындар» болып, кейіннен мешіттерге айналғанын айтуға болады. Шақпақ Ата – (9-10ғ.), Шопан Ата (10-13ғ.), Бекет Ата(1777-80 ж.ж.), Сопыбай әулие (18ғ.) т.б. үңгірлер қазылып жер асты мешіттер салынғаны белгілі.

 


Желтау

Желтау – биіктігі – 221 метр.  Қосшағыл кеңшарының жері, оңтүстік – шығыс бағытта 150-160 шақырым жерде. Ембі қыратына кіреді. Желтау батысы және оңтүстігі кең жазықтан кемерленіп,  көтеріліп, биік болып көрінеді. Үстіне арнайы жермен шыққан кезде ені 5-6 км-ге жететін жазық болып келеді. Тегіс жерге қарағанда  салқын болады. Салқын жерден жылы жерге қарай ауа жел болып қозғалады. Жылдың көп мезгілінде таудан самал жел соғуына байланысты Желтау деп аталған сыңайлы.

 


Иманқара – Қойқара кешені

 

 Бұл архитектуралық ескерткіш Құлсары қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 60 км жерде орналасқан. Таудың ұзындығы екі шақырым, ені 300, биіктігі 200 метр. Үстіңгі тегіс жазықта 18 қорған салынған. Олардың биіктігі 0,5-1, ал, диаметрі 3-15 метр аралығында. Бұларда сарматтар жерленген. Иманқара қорғандары біздің заманымызға дейінгі V ғасырға жатады.

Қазіргі кезде кейбір зерттеушілер үңгір 1911 жылы жасалғанын, оны ағылшын кәсіпкері Нобель қойма ретінде пайдаланғанын айтады. Бірақ, бұл – қате пікір. Өйткені, алғашқы адамдар бұл өңірді Жаңа тас (неолит) дәуірінде, біздің эрамызға дейін 5-3 мың жылдары мекендегені мәлім. Осы кезеңде Иманқара үңгірінде де адамдар тұруы мүмкін. 

 

Құлшан ата жерасты мешіті

 

 Құлшан ата қорымы Құлсары қаласынан шығысқа қарай 67 км жерде биік төбенің батыс жағында орналасқан. Қорым саман тасты сағанатамдар мен шағын сәулеттік пішіндегі құлпытастарымен ерекшеленеді. Құлшан ата мешіті екі бөлмеден тұрады, оның біреуіне мешіттің негізін қалаушы жерленген. Мешітке жақын маңда түнек үйі тұрғызылған, басында шырақшысы бар.

Құлшан ата – Бекет Мырзағұлұлының әрі жиені, әрі шәкірті. Ақмешітке зиярат етуге шыққан жолаушы алдымен жол бойындағы Құлшан ата басына дұға оқып өтуі тиіс. Себебі, кейбір деректерде айтылатынындай, Бекет бабаның өзі «Ақмешітке зиярат жасап келушілер жолай жиенім Құлшан бейітіне соғып, дұға оқысын» деп тапсырған делінеді.

Құлшан атаның зайырлық қасиеті жоғары, өзі ерекше қасиетімен танылған. Таулы жерден үңгір қазып, жерасты ғимаратын салған. Атаның жатқан жерінен кез келген адамға емес, бірақ, ара-тұра жылан көрінеді екен. Ал, аптаның бейсенбі мен жұма күндері от байқалатын болған. Ата Пайғамбар жасына жеткенде кейін өзі жерленген орыннан жерасты үңгірін қазып алып, соны мекендеген.

Құлшан атаның бесінші ұрпағы, қазір шырақшылық қызмет атқарып отырған Оңайқұл Елеусіновтің айтуынша, қасиет иесі 1849 жылы дүниеге келіп, 1905 немесе 1910 жылдары дүниеден өткен.

  

 

Аралтөбе қорғаны

  

Ерте темір дәуірі ескерткіштерінің бірі – Аралтөбе қорғандар тобы. Ол Бекет ата дүниеге келген Ақмешіттің оңтүстік-батысында алты шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл атақты сармат тайпасының көсемі — Алтын киімді адам табылған жер.

Ахеологиялық олжаны  белгілі архелог ғалым  Зейнола Самашев тапқан. Б.з.д. III ғасырға жататын осынау алтынмен көмкерілген жауынгерді оның болат семсеріне қарап, ғалымдар сарматттардың көсемі деген қорытындыға келген.

1999 жылы Аралтөбе қорғанына жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде үш зират қазылды. Оның алғашқысынан адамдардың қаңқалары мен олар қолданған шыны моншақтар, жебе ұштары мен сынықтары табылды. Екіншісінде басы оңтүстікке қаратылып жерленген мүрде жанында жүзден астам жебесі бар қорамсақ, бүйірлі үлкен қыш құмыра, темір қылыш жатыр екен. Ең бастысы, үшінші зиратқа алтын киімді ер және әйел адамдар мүрделерімен бірге екі жылқы мен қыран құс жерленіпті. Ер адамның киімі, шашын түйген байламшасы, жанындағы қару-жарақтары, қорамсақ жиектері, асатаяғындағы самұрық бейнесі алтынмен апталып, әдемі әшекейленген. Бұл оның тайпа көсемі, қолбасы немесе дінбасы, абыздықты ұстанған, әрі қыран құс баптап, саятшылықпен айналысқан аңшы болғанын білдіреді. 

 

 

Ақмешіт қорымы

  

XVIII-XX ғғ. Атырау облысы, Жылыой ауданы Ақкиізтоғай ауыллық округіндегі Ақкиізтоғай ауылының солтүстік-шығысына қарай 28 шақырым жерде орналасқан.

Бұл атақты діндар, ағартушы және сәулетші Бекет Мырзағұлұлының (1750-1813 жж.) туып-өскен жері. Ол халықтың ерекше ықыласына бөленген тұлға. 1771-1774 жылдары Бекет ата жерасты мешітін салды, ағарту, рухани және емшілік қызметпен айналысты, балаларды оқытты. Мұнда Бекет атаның әкесі Мырзағұл, анасы Жәния және бауыры жерленген. 

 

Ұшқан ата кесенесі

 

Атырау облысы, Жылыой ауданындағы Құлсары қаласының оңтүстік шығысына қарай, 50 шақырым жерде орналасқан.

Ел аузында қорым атауын өмірде болған әулие “Ұшқан ата” есімін, ағып жатқан үш бұлақты, яғни “үш аққан” және осы маңайда XVIII ғасырдағы қазақ пен қалмақ-торғауыт арасында өткен қанды шайқасқа байланысты “үш қан” деген мағынаны білдіреді деген аңыз сақталған. Ұшқан мекені орналасқан жер ағып жатқан бұлақ суымен ерекшеленеді, әсіресе, көктем мен күз айларында ертедегі көшпелі қазақтардың өмір сүруіне, ортағасырлық сауда-саттық жасаумен айналысқан керуен-жүкшілердің тыныс алуына аса қолайлы орын — керуен сарайда болған. Ұшқан ата қорымында бірнеше ғасырлар бойы әр алуан пошымда діни жерлеу салттарымен тұрғызылған кесенелер тобы қалыптасты. Қорымның оңтүстік-батыс жағындағы Ұшқан ата зираты ертедегі дәстүр бойынша үстіңгі жақ беті топырақпен үйіліп, басына ағаш белгі қойылған. Өткен заманда осыған таяу шағын мешіт бой көтергенімен, ол кейін бұзылып қалған. Үйінділер арасында шикі кірпіштен қаланған сәулетқұрылыстарының жұрнақтарын айқын байқауға болады: бұларда XVIII—XX ғасырлардағы қазақ сәулет өнеріне тән көптеген белгілер сақталған. Әсіресе, олардың арасында шикі кірпіштен тұрғызылған сағаналар тобы — “үй там”, төрт бұрышты қоршаулар — “төртқұлақ” және тастан қашалып, ою-өрнекпен әсемделген құлпытас пен “қойтастар” ерекше көз тартады. Қорымдағы кесенелерге қойылған құлпытастарды үш топқа бөліп айқындауға болады: шағын қобдиша түрінде текше тастан қашалып, сәнді өрнектермен безендірілген төбесі жұмырланып бітетін құлпытас XVIII ғасырдың ортасы мен XIX ғасырдың басында жасалғанын аңғартса, ұзынша тақта бетіне оюлы әсем араб жазуларына толы (қайтыс болған адамның аты мен шығу тегі жазылған), басы дөңгелене бітетін құлпытастар XIX ғасырдың ортасына қарай қойылғанын білдіреді, ал XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында бой көтерген биіктігі 3—5 м-ге жететін алып бағана іспетті құлпытастар қомақтылығымен қоса аса көрнекілігімен де ерекшеленеді. Қорымның соңғы кезеңіндегі құлпытастарды қашап жасаушы — жергілікті халық тасшылары, ағайынды Елеусін мен Елбосын Игісінұлдары. Ұшқан ата қорымындағы кесене-ескерткіштер көптігімен әрі жинақылығымен Жем мен Сағыз өзендері тобына жатады.