Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «АТАМҰРА» КМҚК
ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫ МУЗЕЙІ

Жылыой ауданының табиғаты, жануарлар, өсімдіктер дүниесі

Жылыой ауданының табиғаты, жануарлары мен өсімдіктер дүниесі

Жылыой өңірінің табиғаты құбылмалы, теңізге тақау өңірлері жылы болып келеді. Содан да  болса керек жеріміздің «Жылы ой» деп аталуы. Есесіне, теңіз көбесінен гөрі жоғары дөңеске көтерілген сайын ауа райы салқындай түседі. Мәселен, Ақкиізтоғай ауылымен Қосшағыл, Қаратон (ескі), Шұбыртпалы, Сарықамыс пен Прорваның, жалпы теңіз көбесінің ауа райын, жазы мен қысын салыстыруға болмайды. Ақкиізтоғай алабөтен қысы бар, аязы қатты, қары қалың түсетін өңір.

Ауданның аумағының да географиялық жағдайы әркелкі. Көбіне даласы тегістік болып келеді. Рас, таулы, жоталы, қыратты, қырқалы жерлері де аз емес. Мәселен, Желтау тауы, Иманқара, Қойқара, Тасастау – Қайнар қыраттары, Сарнияз жалы сыңайлы көрікті,көркем жерлері де аз емес. Немесе Досының ағы, Қайнар шоқысы, Дәулеталы қырқасы, Аралтөбе аймағы, Есекжал қыраты неге тұрады? Бұлардың бәрі де тарихи, шежірелі орындар. Әр шалғайдан келген саяхатшыларға сенімді түрде ұялмай көрсетуге әбден болатын әдемі орындар.

Жылыой жерінің құбыла бетінде Каспий маңы Қарақұмы бар. Құйқалы қонысқа мыңғырып мал жайылып, аман-есен қыстап шығатын қоныс. Шөбі шүйгін өсетін, шөккен түйе көрінбейтін Қарақұмда жалпы шөптің көптеген түрі бар екен. Әр шағылының түбін қазсаң тізеден тұщы су шығып, адам мен мал мейірі қанып ішетін. Жылыой  аумағында бастауын Мұғалжар тауынан алатын Жем өзені бар. Ол қатты тасыған жылдары теңізге айқасатын-ды. Өзен арналары бойында құмды жондар қалыптасқан. Сусылдаған еспе құм Қарақұм қойнауында да көп кездеседі.

Сондай-ақ, Жылыой ауданының көп жері сорлы болып келеді. Көлемі жағынан үлкен боп келетін Толтыр, Тоқсанғұл сорлары ертеден белгілі. Олардың ұзындығы бірнеше шақырымға дейін жетеді деуге болады.

Ауданның табиғаты қатал, климаты қуаң болып келеді.Континенттік, жазы ыстық, қысы суық. Жазда жаңбыр аз жауатындықтан кей жылдары құрғақшылық орын алады. Ал кей жылдарда қар аз түсіп, қара суық ауа қалыптасады. Қаңтардың орташа температурасы да әртүрлі болып келеді.

Аймақ негізінен шөл- шөлейтті болып келеді. Жыл бойы ылғал аз түсетіндіктен жері ащы, сорлы жерге тән өсімдіктер  өседі. Мәселен, баялыш, итсигек, жыңғыл, сораң, бұйырғын, жусан және басқа шөп түрлері көптеп кездеседі. Әрине, жаз жайлаулар мен қыс қыстақтарда мал жайылатын жұғымды азықтық өсімдіктер де аз емес. Соның ішінде ебелек, торғай оты, жантақ, адыраспан, түйе қарын, ақтық, жусан, изен, ажырық, беде, шағыр, жабайы жоңышқа және басқа шөп түрлері тұрақты өседі. Сондай-ақ, қоян тобық, ит жуа, көсік, құмаршық, алшоңқай сынды азықтық өсімдіктерді пайдаланған адамдар аштық, ашаршылық  және басқа ауыр кезеңнен аман қалып, тіршілік керуеніне ілескені ақиқат.

Жылыой өңірінің өсімдігі, жануарлары жер бедеріне, климатына, топырағына байланысты, табиғат заңдылығына сәйкес өзгерістерге ұшырап, қатал климатқа дағдыланған. Ылғалдылықтың жыл бойы аздығы, топырақтың сортаң сұр, құнарының кемдігі және желге ұшып, суға шайылғыштығы, қыста салқын, жазда ауаның ыстық, ұзақ құрғақтығына орай бейімделген. Жеріміздің біраз бөлігін сорлы, шөп өспейтін тақырлар алып жатқандықтан басқа зоналармен салыстырғанда шөп сирек өсетін алқаптардан тұрады. Өңірде өсетін өсімдіктердің тамыры терең бойлайтын кіндік тамырлы, сабақтары түкті немесе жылтыр, жапырақтары ұсақ, түк басқан, тікенге, мұртшаға айналған. Кейбірінің жапырақтары саусақ тәрізді буындардан тұрып, ылғалды бойында көп сақтап, аз буландыруға бейімделген. Мысалы: сораңның барлық түрі, итсигек, адыраспан т.б. сондай-ақ аз уақытта гүлдеп тұқым беретін, тұқымдары уақ әрі өте көп болатын, түрлі жағдайда өсе алатын қасиетіне ие. Жануарлары болса шөлге төзімді, аз ылғалды жеген қорегінен алатын, қолайсыз жағдайда ұйқыға кетеді. Осындай табиғатқа өсімдіктер мен жануарлармен қоса, осы өңірді сан ғасырлар мекендеген, мал бағып ұрпағын өсірген, шаруашылығын дамытқан ата-бабаларымыз да, қазіргі адамдар да икемделген.

Аймақтың өсімдік жамылғысы маусымдық жайылым ретінде, Жем өзенінің төменгі жайылмалы алқабы шөп дайындауға пайдаланылады.

Шөл өсімдіктері бетеге, боз, ебелек, беде, шытыр, жусанның  түрлері өседі. Бұта мен жартылай бұта өсімдіктерден теріскен, жусан,  изен, шағыр, құмды қырлықтырда бидайық, шалғындық, қоңырбас, айрауық т.б. сортаң жерлерде кермек, қара жусан, қурай , Жем өзені жағаларында, жоғары жағында жыңғыл, тал, жиде, қамыс, құрақ өседі. Құмды аймақта қияқ, баялыш, күйреуік, қаңбақ, құмаршық, жусан, түйеқарын, адыраспан, қылаңқұйрық, жүзген, ителген, бұйырғын, көкпек кездеседі.

Жануарлар дүниесі өсімдік жамылғысымен байланысты. Бұл аймақта сүтқоректілердің 50 түрі, құстардың 200 түрі, қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың 18 түрі кездеседі. Шөлдің өзіне тән жануарлары бар.

Жыртқыштардан қасқыр, түлкі, қарсақ, сасық күзен, шағыл мысығы мен сабаншы, тұяқтылардан киік, жабайы шошқа, кемірушілерден борсық, саршұнақ, кәдімгі атжалман, дала шақылдағы, ор қоян, қосаяқ, құмтышқан, құлақты кірпі, соқыртышқан түрлері бар.

Құстардан аққу, қоңырқаз, үйрек түрлері, аққұтан, тырна, тарғақ, қызғыш, қарақұс, жапалақ, байғыз, көккептер, қырғи, қараторғай, бозторғай, қарлығаш, шымшық, көкек, безгелдек, сауысқан, қарғаның түрлері мекендейді.

Өзен – көлдерде сазан, шортан, жайын, көксерке, қызылқанат, ақбалық, табан, алабұға, тұқыбалық, шұқыр, т.б. балықтар кездеседі.

Өңіріміздің жер үсті аң – құстарға қанша бай болса, жерасты байлығына да сонша бай. Он тоғызыншы ғасырдың аяғына таман Қарашүңгіл кен орнынан алғаш атқылаған «қара алтын» дариясы Каспий  жағалауы ойпатында әлі жалғасып келеді.

Сондай-ақ, Жылыой жері қойнауында ертеден-ақ жабыстырғыш материалдар болып есептелетін – табиғи битум, кир қоры мол кездесетіні мәлім-ді. Ол тек ХХ ғасырда игеріле бастады. Соның ішінде Қарамұратта, Ақшиде, Иманқарада битумның, Жосалысай, Әлімбай, Қойқара алаңдарында кирдің бай кен орындары бар екенін ел ертеден білді. Немесе, Жем бойында, Аралтөбе аймағында құрылыстық материалдар – жақсымай топырағы, қиыршық тас, әк тастарды да тұрғындар ерте кезден өз кәделеріне жарата білді.

Табиғи шипалы минералді су көздері де аз емес. Соның ішінде ауданымыздың жазиралы даласына сән беріп тұрған Сарыбұлақ, Ұшқан, Үлкен төбе, Биікжал, Жаңасу, Бәли, Шағырлы, Есекжал, т.б.шипалы минералды су көздері ерекше назар аудартады. Ол суларды халқымыз ертеден біліп, әртүрлі сырқаттарға пайдалана білген.

Сондай-ақ, Жаңасу, Жеті шымырау, Бәлиорпа су көздерінің қоры мол, ауыз су ретінде пайдалануға әбден болады.

Аудан көлемінде көздің қарашығындай көлдеріміздің барлығын мақтана айтамыз. Ол Қамыскөл, Қарасу, Қараша, Көласу, Қарасай көлдері. Ол көлдерде әртүлі балық түрлері өседі. Бірақ Қамыскөл, Қараша, Қарасу көлдері Жем өзені тасымаған жылдары едәуір ортайып қалады.

Табиғат – біздің анамыз. Оны аялай білу керек. Тал бесігіміз болып есептелетін табиғатымыздың тұнық, таза, көлдеріміз бен өзендеріміздің мөлдір болғаны жөн. Ол үшін ауданда экологиялық ахуал жақсы болуы керек. Жем өзенінен таралып шығатын бірнеше өзектер бар. Ол өзектердің де арнасын кеңейту, тереңдету, сөйтіп бойында суды тұрақты сақтау — бүгінгі күннің басты міндеті болуы тиіс.

Қай заманда болсын, адам өсімдіктердің тағамдық емес, емдік, шипалық жағына да көңіл бөлген. Қазіргі кезде өсімдіктер биологиялық өте сіңімді болуымен қатар, басқа тағамдардың бойға сіңуін жақсартады, зиянды заттарды бейтараптандырады, шығуын тездетеді. Организмнің қорғану қабілетін күшейтеді. Қазақстан жерінде 500-ден астам дәрілік өсімдік кездеседі делінген. Табиғаты қанша қатал болса да, біздің өлкемізде кездесетін түрлеріне тоқталып өтейік.

Қара меңдуана – (Hyascyamus nigez) – алқа тұқымдасына жататын, екі жылдық шөп тектес ұнамсыз иісі бар улы шөп. Қазақстанның барлық аймақтарында кездеседі. Сабағы тік, бұтақтары көп, биіктігі 20-120 см-ге дейін өседі. Жапырағы жұмсақ, түкті, кезектесіп орналасады. Гүлі қоңырау  тәрізді, сарғыш түсті, маусым-шілде айында гүлдеп, шілде-тамызда жемісі піседі. Жемісі көп тұқымды, майда, сұрғұлт түсті.

Қарамықша — (Agrastemma)–қалампыр тұқымдасына жататын шөптесін өсімдік. Қазақстанның көп жерлерінде,  бізде  Каспий маңында кездеседі. Биіктігі 30-80 см. Сабағы түкті, тік, жапырағы қандауыр  тәрізді (ұзындығы 3-10см) қарама-қарсы орналасқан дара гүлдері сабақтың ұшында жетіледі.

Қоңыр балдырлар — (Phaeophyta) – табиғатта көп таралған. 1,5 мың түрі кездеседі. Қазақстанда Каспий, Арал теңіздерінде, тұщы суда өсетін 3 туыс түрлері бар. Түстері сарғыш қоңыр. Қоңыр балдырлардың барлық түрлері су бетіне немесе басқа балдырларға ризойдтары арқылы бекіп тұрады.

Қызылмия -(Glycyzzhiza glabra) – бұршақ тұқымдас көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанның далалық және шөлді аймақтарында өседі. Дүниежүзілік және отандық фармакопеяға енген. Биіктігі 30-80 см. Маусым-тамыз айларында гүлдеп, жеміс салады. Жемісі бұршақ. Гүлі ақшыл күлгін түсті. Тамырында глюкоза, фруктоза, сахароза, мальтоза, крахмал кездеседі.Қақырық түсіретін, іш өткізетін дәрі ретінде қолданады. Тибет медицинасында өкпе туберкулезін емдеуге, артериосклерозға қарсы ем жасалады.

Қызыл сораң — (Salicornia europaea) – Еуропа бұзаубасы. Сораң туысына жататын бір жылдық шөптесін өсімдік. Биіктігі 5-30 см. Сабағы тік, сидам, сирек қызыл. Бунақты бұтақтары тармақты. Гүлі үш-үштен топтасып, ылғалды, сортаң, тұзды жерде өседі. Онда қымыздың қышқылы, сілтілі тұздар және энзим көп болады. Құрқұлаққа қарсы және зәрқуалайтын дәрі ретінде қолданылады.

Қырмызыгүл — (Calendule)  — Қазақстанның барлық аймағында егілетін күрделі гүлдер тұқымдасына жататын, жартылай бұта, бір жылдық шөптесін өсімдік. Биіктігі 50 см. Гүлі сары қош иісті тұқымы таға пішінді. Құрамында келенден заты, ащы зат, шайыр, әртүрлі қышқылдар, каротинойдтар, алкалойдтар, эфир майы бар. Халық медицинасында жара,  безеу, шиқан, ұшық, көз ауруларын емдеуге қолданады.

Қызыл таспа. Қаз оты – (Poligonum) — Бір жылдық шөп тектес жерге төселіп жатқан сабақтары бар өсімдік. Жапырақтары сопақтау – сүйір, түсі көкшіл сұр. Гүлдері ұсақ, ақшыл көк,  шеттері қызғылт не ақшыл болады. Бұл өсімдікті  гүлдеп тұрған кезінде сабағын жапырақтарымен қоса жинайды. Күй таңдамайды, Қазақстанның барлық жерінде кездеседі. Халық медицинасында: безгекке, туберкулезге, көкжөтелге, ісікке қарсы қолданылады.

Итсигек — (Anabasis aphvllum) – Сора тұқымдас, түбіне бұтақтап өсетін, биіктігі 75 см. Көпжылдық аласа бұта. Кіндік тамырлары 6-7 м терең бойлап кетеді. Түбіріне буын-буын жапырақсыз көк бұтақшалар өседі. Сортаң жерлерде Қазақстанның батыс, оңтүстік аймақтарында үлкен көлемде кездеседі. Улы өсімдік. Ауыл шаруашылығының зиянды жәндіктеріне қарсы қолданылады. Көк жапырақтарында 2-5%  алкалойд – анабазин өте улы, ұшпалы зат. Оған қоса қымыздық қышқылы, белок, крахмал болады. Сулы тұнбасын қышыма қотырға, шыбын – құрттарды жоюға, тері ауруларына қолданады. Күлі сабын қайнатқанда қоректі сілті болады. Ертедегі тайпалар «эсфенд» деген улы қоспа жасап пайдаланған.

Сарыбас.(Ervsimum chelrantholdes ) – Шөп тектес екі жылдық өсімдік, үстін түк басқан. Сабағы бұтақты биіктігі 30-80 см болады. Жапырақтары сүйір, шеті тіс-тіс. Қазақстанның таулы жерінен басқа аймақтың бәрінде кездеседі. Гүлдеп тұрған кезінде қол орақпен орып жинайды. Жүрек ауруларына және несеп айдағыш дәрі ретінде халық медицинасында қолданылады. Бұнда жүрекке әсерлі глюкозид – эризимин бар. Бұл медицинада күшті дәрі ретінде қолданылады.

Жұмыршақ. (Capsella bursa)–Шаршы гүлдер тұқымдас. Сабағы тік 20-50 см болатын бір жылдық өсімдік. Жапырақтары сүйір, ойық-ойық немесе қауырсындай тарам-тарам түбінде шоғырланып өседі. Қазақстанның барлық аймақтарында жол бойларында, бақтарда, арамшөпті жерлерде өседі. Дәрі жасау үшін маусым-шілде айларында жинайды. Жұмыршақта  К витамині, бурсин алкалойд, алма және лимон қышқылдары, сапонон, илік, т.б. заттар кездеседі. Оны қан тоқтату, гинекологиялық тәжірибеде  дәрі ретінде пайдаланады.

Сондай-ақ, өңірімізде ертеден есекмия, сораңдық айбатмия, адыраспан, шайқурай, бәйшешек, томарбояу, киікшөп,  жолжелкен, дәрілік шүйіншөп, биік қарандыз,  үштармақ итошаған, кәдімгі мыңжапырақ, түйме шетен, кермек жусан, дермене, кәдімгі бақ-бақ, құмдық шайшөп, изен, кекре, сүттіген, жантақ және басқа көптеген шөп түрлерінің өсетіндігін айтуға болады. Бұлардың бәрі де қасиеттері мол өсімдіктер.

Жылыой аумағындағы елді мекен тұрғындарының аулалары мен бақшаларында өсетін өсімдіктер де аз емес. Соның ішінде көпке таныс аскөк, ақжелкен, қарбыз, қойбүлдірген, пияз, сарымсақ, бұрыш, қияр,сәбіз, қызылша, асбұршақ, қырыққабат, қызанақ, баклажан, картоп, қантты жүгері, қауын, асқабақ, бау-бүлдіргені, қызыл қарақат, қара қарақат, шие, өрік, алма, жүзім, итмұрын т.б. өсімдік түрлері тіршілікке пайдаланылуда.