Туған өлке тарихы деректер, оқиғалар, жылдар.
Неолит және ерте темір дәуірінде – Жылыой өлкесі аумағын адамдар мекендегенін Құлсары, Сарықамыс, Шаянды, Ошан т.б. жерлерден археологиялық зерттеулер нәтижесінде табылған қорғандар мен тұрақтар, құмтөбелі қабірлер айғақтайды.
ХIII–XIV ғасырларға жататын — Алтын Орда дәуірінде Ноғай сауда жолының бойында орналасқан Ұшқан (Тристарго) қаласының орны Құлсары қаласынан оңтүстік шығысқа қарай 50 шақырым жерден табылған.
Өмір сүру уақыты ХV–XVIII ғасырларға жататын — Қызылқорған қаласы Құлсары қаласының солтүстік-шығысында 31 шақырымда Сарғымақ деген жерде орналасқаны анықталған.
ХVΙΙ ғасырдың басында – Жоңғар шапқыншылығы кезінде «Ақтабан шұбырындыдан» кейін босып кеткен елді «Сауран айналып» Байұлы руларының Ақпан, Арал, Әжібай, Есболай, Жаңабай, Күзеке, Қалқа, Қозыбай, Қойсары, Қонай, Сәнкібай, Сейіт, Төлеген, Шотан сынды батырлары бұрынғы қонысына қайта орналастырды.
ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы — халық ауыз әдебиетіне, өзіндік үлес қосқан Құлманбет, Қашаған, Есенбақ, Меке, Өмір, Қашқынбай, Аралбай, Бала Ораз, Бақтыбай, Қоспақ, Нұрым сияқты ақын-жыраулар Жылыой өңірінде туып-өсіп, арттарына өлмес мұра қалдырды.
ХІХ ғасырдағы — Ресей империясының отаршылық саясатына қарсы болған көтерілістерге Жем бойының батырлары Төремұрат Тайлыбекұлы, Нарынбай Шаңдыұлы, Өтен Ақтоғайұлы т.б. белсене қатысты.
1836-1838 жылдары болған — Бөкей Ордасындағы көтерілістің негізгі шайқастарының бірі Қиыл (Ақбұлақ) соғысына Жылыой өңірінен Төремұрат Тайлыбекұлы, Күнжарық Сәрсембіұлы, Айжарық Көшербайұлы бастаған қол қатысты.
1868-1869 жылдары — Орал, Торғай өңірінде өткен шаруалар көтерілісінің шырқау шегі болған «Жамансай» шайқасына Жылыойдан Өтен батыр бастаған қол қатынасқан.
1873 жылы – Каспий теңізі жағалауында іргесі қаланған Жылыой (Қаңбақты) кенті аудан аумағында балық өндірісін дамытуға елеулі үлес қосты. Айналасында Жаршық, Кеңөзек, Қияқ, Шұбыртпалы атты төрт балық өндірісі қызмет істеді.
1899 жылы — Қазақстандағы тұңғыш мұнай бұрқағы Жылыой ауданының Аққұдық ауылынан солтүстікке қарай 12 шақырымдағы Қарашүңгіл деген жерден атқылады. Кен орны тәулігіне 20-25 тонна, барлығы бес мың тонна өнім берді.
1920 жылы — 12 қаңтарда Жылой поселкесін И.С.Кутяков қолбасшылық еткен 25-ші дивизиясының І-ші қызыл атта әскер полкі атаман Толстовтың бандаларынан азат етіп, өлкеде Кеңес өкіметі орнады.
1922 жылы — Жылой поселкесінде (бұрынғы Қаңбақты) тұңғыш бір сатылы мектеп ашылды. Мұғалімі Өзбекқалиев Пәміхан болған.
1928 жыл 6 мамырда — Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің Қаулысымен Жылой ауданы құрылды. Бір поселкелік Қаңбақты (Жилая Коса), Амангелді, Аралтөбе, Жаршық, Жем (Ембі), Калинин, Қара-арна, Қияқ, Буракөл, Ақшелек, Былқылдақты ауылдық Кеңестері құрылды.
1930 жыл – ауданда коллективтендіру жұмысы басталды, 4 балық колхозы – «Қызыл ту», «Жаңа тұрмыс», «Қызыл жем», «Қызыл Каспий» құрылды. Мұнай іздеу жұмыстары басталып, Қаратон, Иманқара, Қарашүңгілге бұрғы салынды.
1932 жылы — Бешім ата Қызылбасұлы алғаш мұнай тауып геологтарға көрсеткен жері Қосшағылдан қазылған №6 ұңғы мұнай фонтанын берді.
1933 жылы — қазіргі аудандық «Кең Жылой» газетінің алғашқы саны «Социалды ауыл» газеті атауымен (кейін «Коммунизмге алға», «Ембі») жарық көрді.
1935 жылы — ұзындығы 726 шақырым болатын Қосшағыл-Орск мұнай құбыры іске қосылды.
1938 жылы — аудан орталығы Қаңбақтыдан (Жылыой) Қосшағыл поселкесіне көшті.
1939 жылы — Құлсары мұнай кен орны пайдалануға берілді.
1941-1945 жж — ауданнан 5008 адам Отан қорғауға аттанды. 3162 боздақ туған жеріне оралмады. Олардың есімдері Құлсары қаласындағы «Жеңіс» саябағында орналасқан мемориалды тақтаға жазылды.
1941 жылы — аудан майданға 288 дана тон, 244 пар байпақ, 133 дана бөрік, 876 пар жүн қолғап, 694 пар жылы шұлық, 4558 кг жүн, 678 басқа да жылы киімдер жинап берді.
1943 жылы — КСРО Қорғаныс қорына Бөлтеков Батырбай, Такиев Атыраубай, Қанатбаев Құдасбек, Ершуов Назар, Өмірбаев Қалдан — 100 мың сом, Абай атындағы орта мектеп ұжымы — 25 мың сом аударғаны үшін Жоғарғы Бас Қолбасшы И.В.Сталиннің алғыс жариялаған жеделхатын алды.
Ембі мұнайшылары блокадалық Ленинградка көмек ретінде жоспардан тыс өндірген 1500т. мұнай жіберді.
1944 жылы — мамыр айының басында Жем өзенінің Жылыой ауданы аумағындағы Киров колхозының маңына құрамында 14 адамы бар Әлихан Агаев бастаған неміс әскери десанты түсіп, жойылды.
Жау десантының қолынан Киров колхозының егіс бригадасының басқарушысы Байжан Атағозиев қаза тапты.
Жау десантының жолкөрсетуші болған Киров колхозының жылқы фермасының меңгерушісі Байшыған Бектұрлиев жау тобын бағытынан бұрып адастырған ерлігі үшін «Қазақтың Иван Сусанині» деген атаққа ие болды.
1945 жылы — жерлесіміз Рахметолла Қараманов бастаған полк жауынгерлері Берлин Ратушасына Жеңіс туын тікті.
1946 жылы — ауданымызда Қамыскөл орталық электр стансасы пайдалануға берілді.
1948 жылы — Социалистік Еңбек Ері атағы — ауыл шаруашылығы еңбеккерлері Арқабаев Нұрмағанбетке, Дешенов Татанға, Мергенбаева Жанбөпеге, Шәкірова Сәлиге берілді. Бұндай атақ — 1959 жылы барлаушы Махутов Әбілғазымға, 1963 жылы — бұрғышы Мұханбетов Ахашқа, 1971 жылы — мұнайшы-операторы Әбдірахманов Ұлықпанға, аға шопаны Дүйсенбеков Әбдіге, 1976 жылы — аға шопаны Асабаев Кісенбайға, 1977 жылы — бұрғышысы Балгенжиев Зинелге берілді.
1948 жылы қарашада Мұнайлы кенішінде №3 скважинадан алғаш мұнай фонтаны атқылап, кен орны пайдалануға берілді.
1948-1949 жж — Мұнайлы, Қаратон мұнай кен орындары пайдалануға берілді.
1954 жылы — аудан орталығы Қосшағылдан Құлсары поселкесіне көшірілді.
1955 жылы — Құлсары мұнай кәсіпшілігі басқармасының мұнайшы – операторы Самарханова Сүйрік Қазақ ССР Жоғарғы Советіне депутат болып сайланды
1956-1958 жж — Тереңөзек, Төлес, Қара-арна мұнай кен орындары пайдалануға берілді.
1958 жылы — Москвада өткен қазақ кеңес әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне ауданымыздан Құлтумиев Тоқсанбай, Жарылғасов Зәбен, Кенжин Өмірзақ, Мырзағалиева Сағида қатысты.
1960 жылы — аудандық халық театры құрылды.
1962 жылы — Прорва мұнай кәсіпшілігі құрылды.
1963 жылы аудан атауы «Ембі» болып өзгертілді. Ауданда колхоздар біріктіріліп «Ембі», «Коммунизм таңы», «Қазақстан» совхоздары құрылды. 1964 жылы «Коммунизм таңы» совхозынан «Қарақұм» совхозы бөлініп шықты.
1964 жылы — Қамыскөл мектеп-интернаты жанынан өлкетану мұражайы ашылды.
1966 жылы — «Мақат-Қоңырат» темір жол желісі іске қосылып, Құлсары темір жол станциясы пайда болды, вокзал салынды. Темір жол арқылы қатынас, жүк тасымалы жүре бастады.
1969 жылы — Өзен-Гурьев-Куйбышев мұнай құбыры бойында Құлсары қыздыру пеші (Халық арасында «Үш тұрба» атанған) іске қосылды.
1972 жылы — аудан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің, кәсіподақтардың Республикалық Кеңесінің, ҚЛКЖО Орталық Комитетінің Ескерткіш Туын алды.
1979 жылы — Құлсары автомат телефон стансасы іске қосылды.
1979 жылдың — Теңіз мұнай кенішінде №1 ұңғыдан 4045 – 4095 метрлік тереңдіктен мұнай бұрқағы атқылады.
1985 жылы — Теңіз кен орнын игеру басталды. «Тенгизнефтегаз» мұнай-газ өндіру басқармасы құрылды.
1984 жылы — аудан КОКП Орталық Комитетінің, КСРО Министрлер Кеңесінің, ВЦСПС және БЛКЖО Орталық Комитетінің ауыспалы Қызыл Туын алды.
1988 жылы — ауданда «Теңіз достарын шақырады» атты фестиваль өтті.
1991 жылы — Теңіз мұнай-газ өндіру зауыты алғашқы мұнайды қабылдады. Теңіз кеніші пайдалануға берілді.
1993 жылы — Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қол қоюымен Қазақстан-американ «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны құрылды.
1995 жылы — 4 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің № 403 шешімімен Теңіз мұнай-газ кенішін ашудағы еңбегі үшін Ж.Досмұхамбетов, Б.Сағынғалиев, Б.Еламанов, А.Хисметов, Қ.Балжанов, О.Есқазиев, В.Авров, М.Балғымбаев Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
1998 жылы — Қасиетті Пір Бекет Атаның Ақмешіт кесенесінің құрылысы аяқталды.
- жылы — Белгілі археолог З.Самешов бастаған экспедиция Аралтөбе қорымынан б.э.д ІІІ-ғасырға жататын Сарматтар тайпасының көсемі, Қазақстандағы екінші «Алтын адамды» тапты. Алғаш мұнай табылған Қарашүңгілге ескерткіш стелла қойылды.
2001 жылы — Құлсары поселкесіне аудандық маңызы бар қала атағы берілді. Теңіз мұнайын Новороссийск Қара теңіз портына жеткізетін КТК мұнай құбыры іске қосылды.
2008 жылы — Теңіз кенішіндегі екінші буын зауыты мен шикі газды кері айдау жобасы аяқталды. Ауданның 80 жылдық мерейтойы атап өтіліп, «Жылыой жылнамасы» кітабы (энциклопедиялық жинақ) жарық көрді.
2009 жыл — Қазақстан мұнай өнеркәсібін ұйымдастырушылардың бірі, КСРО-ның құрметті мұнайшысы Сафи Өтебаевтың кеуде мүсіні Құлсары қаласындағы Жылыой мұнай және газ коледжі алдына орнатылды. Авторы белгілі мүсінші Серік Матениязов.
2010 жылы — ауданда Пір Бекет атаның 260 жылдығы аталып өтілді.
2011 жылы – Құлсары қаласының 10 жылдығы атап өтілді, қалада үш бірдей балақша «Қызғалдақ», «Әсем», «Еркемай» атауымен берілді. Құрсай өзегінің жағасында «Бабалар монументі» ескерткіші ашылды. Есімі елге мәлім Ер Есболайға кесене тұрғызылды.
2012 жыл – жергілікті композитор Тоқсанбай Құлтумиевтің 80 жылдығы атап өтілді, Республикалық «Айгөлек» ән–би байқауында аудандық мәдениет үйінің «Би — би» би ансамблі бас жүлдені, «Жем аруы» халықтық би ансамблі үшінші орынды иеленді.
2013 жылы – ауданда «Жылой жарнамасы» атты жаңа газеттің алғашқы саны шықты. Прорва кен орнының 50 жылдығы атап өтілді. Құлсары атаға кесене тұрғызылды. Құлсары қаласында Рәміздер алаңы ашылды. Белгілі дін иесі Дүйсеке хазіреттің 180 жылдығы атап өтілді.
2014 жылы – ауданда тұңғыш рет металл қорыту комбинаты салынып, «Металл Продукт» ЖШС-гі металл жайма бұйымдарын шығаруды қолға алды. Құлсары қаласында Аралтөбе қорымынан табылған «Алтына адам» ескерткіш мүсіні қойылды. Құлсары қаласында «Достық», «Жансая» саябақтары ашылды. Аудандық орталық емхана іске берілді.
2015 жылы – Теңіз кенішіндегі күкір алаңын толықтай тазарту аяқталды. Ұлы отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай «Жеңіс» саябағында ҰОС оралмаған боздақтардың есімдері жазылған мемориалдық ескерткіш тақта қойылды, «Жеңісті жақындатқан Кең Жылой» атты жинақ шықты.
2016 жылы – Теңіз мұнай кен орнының өндірістік қуаттылығын арттыру мақсатында үшінші буын зауыты «Келешек кеңею жобасы – Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасын» жүзеге асыру басталды. «Ақмешіт – Пір Бекеттің туған жері» атты республикалық конференция өтті.
2017 жылы – «Қазақстанның киелі жерлері қартасына» Жылыой ауданынан Ақмешіт, Құлшан ата жерасты мешіті, Ұшқан ата қорымы, Аралтөбе қорғаны, Иманқара кешені енді.
2018 жылы — Жылыой ауданының 90 жылдық мерейтойы, «Теңізшевройл» ЖШС-нің 25 жылдық мерейтойы атап өтілді. Дүйсеке хазірет мешіті жаңартылып қайта салынды.
2019 жылы – Жылыой ауданы кітапханасы мен музейіне жаңа типтік ғимарат салынып, іске берілді.