Кең Жылыой киелі мекен!
Ауданның аумағы 29,3 мың шаршы км. құрайды.
Жылыой ауданы Атырау облысының шығыс бөлігіндегі Каспий теңізінің солтүстік шығыс жағалауымен Жем, Қайнар өзендерінің сағалық бойын қамтиды. Жерінің орналасуына қарай солтүстігінде Мақат ауданымен, шығысында Ақтөбе облысының Байғанин ауданымен, батысында Каспий теңізімен, оңтүстікте Маңғыстау облысының Бейнеу ауданымен шектеседі.
Жылыой жері ежелден ел жайлаған, ата-бабамыздың құтты қонысы болған өлке.
Неолит және ерте темір дәуірінде – Жылыой өлкесі аумағын адамдар мекендегенін Сарықамыс, Шаянды, Ошан т.б. жерлерден археологиялық зерттеулер нәтижесінде табылған қорғандар мен тұрақтар, құмтөбелі қабірлер айғақтайды.
Бұдан басқа, Жылыой аумағындағы – біздің заманымызға дейінгі ІІІ-ІІ ғасырлардағы сарматтар дәуіріне жататын археологиялық ескерткіші, Қазақстандағы екінші «Алтын адам» табылған Аралтөбе қорымы, ХІІІ-ХІҮ ғасырлардағы Алтын Орда дәуіріне жататын Ұшқан қаласының орны, Қарашүңгіл мәдени-сәулеттік ескерткіштерін де дәлел ретінде айтуға болады.
Бұл өңірдің «Жылыой» аталуына қатысты көптеген пікірлер бар.
Жалпы аудан атауы «Жылы ой» деп ерте кезеңнен аталса керек. Өйткені Каспий теңізінің ойлы жазығы – өзі ықтасын, малға жайлы, теңізден соққан жылы леп қыстың ызғарын жұмсартып тұратын ойпаң жер болғандықтан «Жылы ой» аталып кеткен деген болжам айтылады.
Сондай-ақ,кейбір деректерде бұл сөз орыстың «Жилая коса» деген, яғни балықшылардың «тұрғын жарты арал мекені» деген сөзінен шығып, кейін аудан атауы да «Жилокосинский» деп аталған деген пікірлер бар.
Орыстар Жем өзені сағасының төменгі бойына, теңіз жағалауына ХІХ ғасырдың 60-шы жылдары ғана балық шаруашылығымен айналысу үшін келіп қоныстана бастады. Балықшылар мекені болған Жылой кентінің алғашқы іргетасы 1878 жылы қаланған деп айтылады. Бұған дейін де бұл жерде Қаңбақты деп аталған қоныс болған. (мәлімет белгілі тарихшы-өлкетанушы Аманғали Әміржанұлының «Жем жағасындағы жауһарлар» кітабынан).
Алайда, Жылыой атауы орыстар келгенен әлдеқайда бұрын пайда болған. Оны:
Орынбор, Түзтөбенің тұзын көрсең,
Жылыойдың таңқаларсың қызын көрсең.
Атыңа түскен қайтып міне алмайсың,
Қалқаның судан қайтқан ізін көрсең – деп басталатын халық әні «Жылыой» атауы бұрыннан барын аңғартады.
Жылыой атауына «Кең» деген сөзің қосарлана айтылуы ойпаң жазық даланың кеңдігіне және осы өлкені мекендеген халқының кең пейіліне байланысты да айтылса керек.
Белгілі ақын Нұрлан Әжіғалиевтің:
Ерлері жайлы қорғаған елін еңіреп,
Шертеді сырды шетсіз де шексіз төңірек.
Жылыойдың жері кең болғанымен қаншама,
Жұртының жомарт жүрегі одан кеңірек – деп жырлағандай аудан елінің берекелігімен, халқының ақжарқын мінезімен Кең Жылыой атанған өлке.
Аудан әр кезеңдерде Жылой, Ембі, Жылыой аттарын иемденіп, 1963 жылға дейін Жылой, орысша Жилокосинский район деп аталып келді. Кейін Ембі ауданы, 1993 жылғы 7 қазанда «Жылыой» болып жазылып, ауданға бұрынғы атауы қайтып берілді.
Жылыой өңірі ХХ ғасырға дейін
Аудан тарихы басын Оралдың Мұғалжар тауынан алатын Жем өзенімен байланысты. Жем өзенінің бойынан тас ғасырда қолданған қару, сол кездегі адамдардың мекені, сондай-ақ , «Алтын адам» табылды. Қайнар, Сағыз өзендеріне қарай жүретін жолда, үстіртте «Мақта жолы» бойында боз тастан, жонған шақпақтан, күйдірілген кірпіштен салынған баспана, мавзолейлер, керуен сарайларының орындары бар.
Х ғасырда салынған «Таскешу» өткелін, Қарақұм жерінен, мұнай кәсіпшіліктерінің айналасынан скифтердің оғын, саяхатшылардың жүрген жолын әлі табуға болады.
Жылыой өңірінен өткен сауда керуен жолдарымен араб саяхатшылары бұдан 1000 жыл бұрын Ибн Фадлан, 600 жылдан аса жыл бұрын Ибн Баттута, ХΙΙΙ ғасырда Фламанд саяхатшысы Виллем Рубрук, сол ғасырда италян саяхатшылары Марко және Маффео, ағайынды Пололар, византиялық Земак өткені олар жазған, Каспий теңізі жоғарғы жағалауындағы халықтардың шаруашылығы, дәстүр-салты, этнографиясы туралы бай мәліметтерден белгіл болып отыр.
Қазіргі Ақтөбе (солтүстік бет), Маңғыстау (оңтүстік бет) облыстарымен жігі айырылмай араласып жатқан Жылыой өңірінің қазақтары негізінен кіші жүздің Байұлы бірлестігінің руларынан (Негізінен Таз, Адай, Шеркеш, Ысық, Сұлтансиық, Әлім, т.б) тұрады.
Кешегі ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы Жоңғар шапқыншылығы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасынан кейін бас сауғалаған елді Байұлының елбастаған Ақпан, Арал, Атағозы, Әжібай, Есболай, Жаңабай, Шотан сынды батырлары 1730-шы жылдары құтты қонысына қайта қондырды.
Кейін Ресей империясының қоластына өткен өңір халқы сол ата кәсібі мал шаруашылығымен айналысып, патшалы Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы көтерілген бірнеше ұлт-азаттық көтерлістердің куәсі болды.
Ресей империясының отаршылық саясатына қарсы болған көтерілістерге Жем бойының батырлары Төремұрат Тайлыбекұлы, Нарынбай Шаңдыұлы, Өтен Ақтоғайұлы т.б. белсене қатысты.
1836-1838 жылдары болған — Бөкей Ордасындағы көтерілістің негізгі шайқастарының бірі Қиыл (Ақбұлақ) соғысына Жылыой өңірінен Төремұрат Тайлыбекұлы, Күнжарық Сәрсембіұлы, Айжарық Көшербайұлы бастаған қол қатысты.
1868-1869 жылдары — Орал, Торғай өңірінде өткен шаруалар көтерілісінің шырқау шегі болған «Жамансай» шайқасына Жылыойдан Өтен батыр бастаған қол қатынасқан деген деректер бар.
Жылой кенті тұрған Каспий теңізінің шығыс-солтүстік жағалауы кәсіпкерлерге ХVΙΙ ғасырдан белгілі болған.
Орал қазақтары Жайыққа, одан балығы мол Жем құйылысына келе бастады. Жем атырауында, кейін Жылыой кенті тұрған жерде (Қаңбақты) балық аулайтын қазақтар, келімсек орыс-казактар орналаса берді. 1859 жылы Орынбор шекара комиссиясы Ракөшке (кейін Былан болысы), Жылыойға (Жилая коса), Прорваға (Прорвинская коса), т.б. орындарға келімсектердің орын тебуіне ұлықсат етті.
ХIХ ғасырдың аяғында қазақтардың мыңға жуық қайығы теңізге шығып жүрді. Сол кезде көктемгі маусымда 10 мың (жеті мыңдай-қазақтар) балық аулаушылар шыққан жылдар болды.
ХIХ ғасырдың ортасынан ауғанда Жылой едәуір үлкен кентке айналды. Кентте қарағайдан, балшықтан салған келісті, әсем үйлер тұрғызылды. Базар, едәуір сауда нүктелері болды. Болыстық басқарма, полиция, шіркеу қызмет етті. Орыс мектебі дәулеттілердің балаларын оқытты (аурухана тек Ракөште болды). Балық шаруашылығына байланысты май қайнататын цех, тұз диірмені, ұстахана, казарма, т.с. жұмыс істеді. Жылыой балық уылдырығының даңқы бүкіл Еуропаға жетті. Ресей статистикалық мәліметінде 1913 жылы Жылыой кентінде 499 үй, 2267 адам есепке алынған. (Жылыой жылнамасы 2008, «Жем жағасындағы жауһар» 2016).
ХХ ғасырдың басында Жылыой өңірі болыстарға бөлінді. 1909 жылғы статистикалық мәліметке сүйенсек Жылыой өңіріндегі болыстар мен ауыл, халық саны мындай болған:
|
№ |
Болыстың атауы |
Болыс ауылының саны |
Болыс халқының саны |
|
1 |
Ақбас |
11 |
7284 |
|
2 |
Ақжал |
9 |
7437 |
|
3 |
Бестөбе |
9 |
7801 |
|
4 |
Былан |
9 |
7578 |
|
5 |
Жаршық |
11 |
7328 |
|
6 |
Жем |
8 |
5504 |
|
7 |
Жем-Атырау |
16 |
9804 |
|
8 |
Қарабайлы |
9 |
6699 |
|
9 |
Қаратөбе |
7 |
5904 |
|
10 |
Қарашағыр |
8 |
6236 |
|
|
Барлығы: |
97 |
69575 |
Кеңес өкіметі тұсындағы Жылыой ауданы
1920 жылы — 12 қаңтарда Жылой поселкесін И.С.Кутяков қолбасшылық еткен 25-ші дивизиясының І-ші қызыл атта әскер полкі атаман Толстовтың бандаларынан азат етіп, өлкеде Кеңес өкіметі орнады.
Атырау облысының Жылыой ауданы Қазақстан Орталық Атқару комитетінің Қаулысымен 1928 жылы 6 мамырда құрылды.
Бір поселкелік Қаңбақты (Жилая Коса), Амангелді, Аралтөбе, Жаршық, Жем (Ембі), Калинин, Қара-арна, Қияқ, Буракөл, Ақшелек, Былқылдақты ауылдық Кеңестері құрылды.
Ауданды ұйымдастыру бюросы құрылып, оның төрағасы болып Сапарғалиев Аман, мүшелері болып Жанғалиев Ислам, Тағанов Ашығали, Қарасақауов Асылхан бекітілді. 1929 жылы 15 наурыз Кеңестердің бірінші аудандық съезі өтіп, аудандық атқару комитетінің төрағасы болып Сүйінғалиев Аманғали, жауапты хатшысы болып Тағанов Ашығалы сайланды.
Аудан орталығы балықшылардың мекені Қаңбақты немесе Жылыой (Жилая каса) деп аталған поселке болды.
Жылыой ауданының шаруашылығы 1930 жылдарға дейін балық және ауыл шаруашылығымен шектелді.
Қазақ мұнайының тұңғыш өнім берген кен орыны, алғашқы мұнайы 1899 жылдың қарашасында Қарашүңгілде тереңдігі 40 метрдегі №7 ұңғыдан мұнай фонтаны атып, 18 сағатта 25 тоннадай мұнай берді.
Қазақстанның, соның ішінде Атырау өңірінің экономикалық және саяси даму тарихында осы Қарашүңгілдегі тұңғыш мұнай фонтанының маңызы орасан зор. Ол Қазақстанның Ембі өңірінде қара алтын іздеуге және мұнай өнеркәсібінің өркендеуіне де себепші болды.
1930 жылдан бастап өңірде мұнай іздеу жұмыстары қолға алынды. Бұрғышылар Қаратон, Иманқара, Қарашүңгіл, Қосшағылға бұрғы сала бастады.
1932 жылы — Бешім ата Қызылбасұлы алғаш мұнай тауып геологтарға көрсеткен жері Қосшағылдан қазылған №6 ұңғы мұнай фонтанын берді.
Қосшағыл кен орны игеріліп, басқа мұнай алаңдары ашылғаннан кейін,аудан орталығы көшіру мәселе қолға алынды. Қаңбақты (Жилая коса) поселкесінің экономикалық, әкімшілік орталығы ретінде қалу мәні кете бастады. Ембі өзенінің суының тартылуы, балықтың азаюына әкеліп соқтырды. Ішетін тұщы су мәселесі де қиындады.
Сондықтан аудан орталығы 1938 жылы Қосшағыл поселкесіне ауыстырылды. Бұл мезгілде Қосшағылда су, мұнай құбырлары жұмыс жасап тұрды, жаңа типте құрылыс жұмыстары жүріп жатты. Енді Жылой өңірінің болашағы мұнай өнеркәсібімен тығыз байланысты екеніне көпшіліктің көзі анық жетті. Балық өнеркәсібінің болашағы жоқ екені байқалды. Осы мезгілден бастап аудан өнеркәсіп пен ауылшаруашылық бағытында дами бастады.
Ұлы Отан соғысы жылдарында ауданнан 5008 адам Отан қорғауға аттанды. 3162 боздақ туған жеріне оралмады. Олардың есімдері Құлсары қаласындағы «Жеңіс» саябағында орналасқан мемориалды тақтаға жазылды.
Ауданның мұнай кәсіпшіліктері 1941-1945 жылдары Отан қоймасына 1 523 648 тонна мұнай жөнелтті.
1954 жылы — аудан орталығы Қосшағылдан Құлсары поселкесіне көшірілді. Елді мекеннің іргесі Құлсары мұнай кенішінің ашылып, пайдалануға берілуіне байланысты 1939 жылдары көтерілген. Поселке атауы бұрын осы өңірді мекендеген, ауқатты, ел-жұртына қайырымдылығымен аты шыққан, бүгінде бейіті сақталған Құлсары Тінекейұлының (1845-1926 жж.) есімімен аталады.
Бұдан кейінгі жылдарда көптеген мұнай-газ кен орындары ашылып (1939 жылы Құлсары, 1948-1949 жж — Мұнайлы, Қаратон, 1956-1958 жж — Тереңөзек, Төлес, Қара-арна, 1962 жылы – Прорва, Ақтөбе, Досмұхамбетов, 1980 жылыдары Теңіз мұнай кен орындары игерілді) Жылыой мұнайлы өңірге айналды.
Ауданнан 10 Социалистік Еңбек Ері (бұрғышылар Мұханбаев Ахаш, Махутов Әбілғазым, Балгенжиев Зинел, мұнайшы Әбдірахманов Ұлықпан, мал шаруашылығы өкілдері Дешенов Татан, Арқабаев Нұрмағанбет, Шәкірова Сәли, Мергенбаева Жанбөпе, Дүйсенбеков Әбді, Асабаев Кісенбай) 1 “Еңбек Даңқы” ордендерінің толық иегері Кенжегариев Аманжол, 80-ге жуық Ленин орденінің иегерлері, 30-дан астам әр салада ҚР-ның еңбек сіңірген қызметкері, 5 Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты шықты.
Аудан Тәуелсіздік жылдарында
Аудан тәуелсіздік жылдарында жақсы дамыды, бүгінде өсіп-өркендеу үстінде деп айтуға болады.
Ауданның экономикалық негізі:
-өнеркәсіпте мұнай және газ өндірісіне;
— ауылшаруашылығына, мал өсіруге бағытталған.
Жылыойлық ақын Бүркіт Базарбаев:
Алыс кетсем аңсаймын ұдайы мен,
Туған жерсіз перзенттің шырайы кем.
Атамекен – Кең Жылыой осы, ағайын,
Алты Алашқа танылған мұнайымен – деп жырға қосқандай, Жылыой Қазақстан мұнайының тұңғышы Қарашүңгілден бастау алып, ғасыр жобасы атанған Теңіз кенішін игеруге дейін қол жеткізген ерлік еңбектің мекені.
Аудан ең алғашқы республика бойына «Теңізшевройл» секілді ірі инвестор тартылған өңір. 1993 жылы 6 сәуірде «Теңізшевройл» біріккен кәсіпорны құрылып,Теңіз кеніші кеңінен игеріле бастады.
Бүгінде ауданда 27 млн. Тоннадан астам мұнай, 11 млрд. текше метр газ өндіріліп, Тәуелсіздік алған сонау 1991 жылдың осы уақытымен салыстырғанда мұнай өндіру 12,8 есеге, газ өндіру 15 есеге дейін артты.
Бұл бүткіл Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 38,3 және газдың 32,7 пайызын құрайды. Осыдан-ақ Жылыой ауданының респубикадағы экономикалық потенциалы қаншалықты зор екенін аңғаруға болады.
Ауданның жер қойнауында бұдан басқа да табиғи байлық – табиғи битум (Қарамұратта, Ақшиде, Иманқарада), кирдің (Жосалысай, Әлімбай, Қойқара) мол қоры кездеседі. Сонымен қатар, Жем бойы, Аралтөбе аймақтарында бор, құрылыс құмы, қиыршық тас, минералды сулардың (Сарбұлақ, Биікжал, Жаңасу, Ұшқан, Бәли, Есекжал) көздері бар екені белгілі.
Бүгінгі таңда Жылыой ауданының ауылшаруашылығы саласы нарықтық жағдайға байланысты жақсы дамыған ауданға айналды. Кеңес өкіметі тұсындағы ауданда 4 совхоз болса, олардың таратылуымен жеке шаруашылықтар қалыптасып, қазіргі таңда ауыл шаруашылығымен айналысатын 270 шаруа қожалығы мен “Жаңа-таң” ЖШС-гі секілді ірі шаруашылықтар құрылды.
Ауданда тәуелсіздік жылда 7327 шағын және орта кәсіпкерлік нысандары ашылды. Олардың қатарында металл бұйымдарын шағаратын зауыт, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін, жиһаз, тұрмыстық бұйымдар, құрылыс материалдарын дайындайтын цехты, халыққа қызмет көрсету мақсатындағы мейрамханалар мен сұлулық салондары, супермаркет, қонақ үй және т.б. түрлі бағыттағы сауда-саттық, қызмет көрсету орындары жұмыс жасайды.
Аудан халқының саны бүгінде 83100 адамды құрап, 1991 жылмен салыстырғанда 33 пайызға өсіп отыр.
Ауданның аумақтық бөлінісіне келетін болсақ:
— Аудан орталығы Құлсары қаласы
— Жаңа Қаратон кенті
— 5 ауылдық округтен (Қосшағыл, Жем, Қара-Арна, Ақкиізтоғай, Майкөмген) құралған.
2001 жылы 22 қыркүйекте Құлсары поселкесіне аудандық маңыздағы қала атағы берілді. Қалада тәуелсіздік жылдарында 18 жаңа ықшам аудан бой көтерді, қала халқының саны 2 есеге дейін өскен, қазір 60 мыңға жақындады.
Құлсары қаласы республика бойынша шағын қалаларды дамыту бағдарламасыне енген облыстағы жалғыз қала. Құлсары облыстағы Атыраудан кейінгі екінші қалаға айналды деп мақтанышпен айта аламыз.