Аралтөбе қорғандар тобы Атырау облысы, Жылыой ауданы орталығынан солтүстік-шығысқа қарай 66 км. жерде орналасқан. Аралтөбе қорғаны — б.д.д ІІ — б.д басына жататын жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші. 1997 жылы атақты ғалым Зейнолла Самашев бастаған экспедиция тобы Аралтөбе қорғандарына жерасты зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде бірнеше метр тереңдікте ерте темір дәуірінде мекендеген сармат көсемінің мүрдесі табылды. Зерттеу жұмыстары көрсеткендей бұл жерде сармат дәуірінің үлкен елді мекені болғандығы анықталды. 1999 жылы мұнда үш қорған зерттелді.
1-қорған. Қорғанның шұңқыры бар күрделі тасты-жер құрылысында жерленгендердің жеті шұңқыры анықталды. Кешеннің оңтүстік жағындағы орталық, ең терең камераның кесілген баспалдақтары бар қысқа және көлбеу дромосы болды, ал солтүстіктен ұжымдық жерлеуге арналған кең, бірақ терең емес қабірі бар жалғыз аяқ жол арқылы қосылды. Соңғысының батыс жағында әскерилер жерленген шағын тар камера болды. Қалған жерлеу орындары ежелгі жер бетінің деңгейінде, қуыс үйіндінің астында жасалды. Қазылған қорғаннан қарудың стандартты жиынтықтары (қылыштар, жебелері бар қорамсақ, найзалар) және әйелдердің әшекейлері табылды. Ежелгі сарматтық ұзын қылыш ерекше қызығушылық тудырады, оның ұшы сәл иілген, оны қылыш пішініндегі қадалатын-кесетін қару ретінде қарастыруға болады.
2-қорған. Қорғандағы нысанның биіктігі 2 м. асатын, диаметрі 40 м. жуық, күн шапағы тәрізді дөңгелек түрдегі 12 бөліктен тұратындығымен ерекшеленеді. Бұл «жылдың өзі 12 айдан тұрады» деген ұғымды білдірсе керек. Қорғанның негізгі камерасы ішінен жұқа сырықтармен бекітілген қамыс төсеніштермен қапталған. Қабір түбінен 45-55 жастағы ер адамның сүйектері мен әйел сүйектерінің бірнеше фрагментті, қалпына келтірілмейтін сынықтары табылды. Бастапқы күйінде сақталған жіліктерге қарағанда, өлген адамдар бастарымен оңтүстікке қаратылып көмілген. Әйелдің денесі ер адамның сол жағында орналасқан.
Көшпелі сармат қоғамындағы рәсім мен мәртебелік нормаларға сәйкес, қайтыс болғандар ерекше құрметпен, салтанатты киіммен жерленген. Олармен бірге қабірге екі ат, қару-жарақтың стандартты жиынтығы: қылыш, қанжар, найза, жебелері бар қорамсақ; бүйірінде саптары мен құйылатын жері бар саздан жасалған импорттық сұр хум; былғары ыдыстың қалдықтары, алтын жұқалтырмен қапталған темір таяқшасының және екі бас мүсінмен безендірілген құлақты грифонның сынықтары қойылған. Сонымен қатар сабының қалдықтары бар темір жауынгерлік ілмек, қорамсақтың ілгегі, қоладан жасалған портупея белбеуіне арналған дөңгелек, сүйекті инешек және ірі темірден жасалған үш жақты жебе ұштарының аздаған бөлшектері табылды. Әр түрлі деңгейдегі қабірде ромб тәрізді, дөңгелек жақтаулы және жылан тәрізді 400-ге жуық алтын жапсырмалар табылды. Пішініне қарай олар сармат қоғамындағы аса маңызды тұлғалардың салтанатты-жерлеу киімдерінің әр түрлі бөліктеріне тігілген. Шұңқырдың толтырылған жерінде алып бүркіттің қаңқасы табылды. Жебелердің темір үш жақты ұштарының қоданыстағы жіктемесіне сәйкес 2-қорған біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасыр мен біздің дәуіріміздің басындағы аралықпен белгіленеді. Ал РҒА Геология институтының изотоптардың геохронологиялық зертханасында алынған калибрленген радиокөміртектің мерзімделуі б.з. 129 жылы. Қорғаннан алынған ер адамның бас сүйегі бойынша РҒА-ның Н.Миклухо-Маклай атындағы Антропология және этнология институтының маманы Е.Веселовская оның бет-бейнесін қалпына келтірді.



