Адамзат баласының сан ғасырлық тарихы тасқа, қышқа, темір мен қолаға бедерленіп, жер қойнауында сақталып қалған. Бұл – тілсіз, бірақ тереңнен сыр шертетін археологиялық мұра. Ол – ұлттың ғана емес, бүкіл адамзат өркениетінің дамуын, тұрмыс-тіршілігін, дүниетанымын бейнелейтін қайталанбас дереккөз.
Қазақстан аумағы археологиялық ескерткіштерге өте бай. Әсіресе, ежелгі дәуірден бүгінге дейін үздіксіз өркениет ізі қалған аймақтардың бірі – Атырау облысы, соның ішінде Жылыой ауданы болып табылады. Жылыой топырағының қойнауы талай тылсым тарихты бүгіп жатқандығы археологиялық қазбалар мен зерттеу нәтижелерінен айқын көрінеді. Бұл өңірде адамзат баласының алғашқы тіршілік белгілері тас дәуірінен бастау алып, қола дәуірі, ерте темір дәуірі, сарматтар мен ғұндар кезеңі, ортағасырлық қалалық мәдениетке дейін жалғасып жатқанын археологиялық деректер дәлелдеп отыр.
Аудандық музей қорында жинақталған археологиялық коллекция – осы көне тарихтың нақты куәсі. Коллекцияға енген әрбір жәдігер – өз заманының тыныс-тіршілігін бейнелейтін материалдық-мәдени мұра. Олар тарихи кезеңдерді сипаттайтын заттай деректер ғана емес, сонымен қатар сол заманғы қоғамның дүниетанымы, әлеуметтік құрылымы туралы мол мағлұмат береді. Жинақтағы жәдігерлер қатарында қыш ыдыстар, қола құралдар, тұрмыстық заттар, әшекей бұйымдар және тағы басқа көптеген артефактілер бар.
Жинақтың басты мақсаты – музей қорындағы археологиялық бұйымдарды ғылыми тұрғыда сипаттау, оларды жергілікті өлкетанушылар мен көпшілік оқырманға қолжетімді ету, сонымен қатар болашақта жүргізілетін кешенді зерттеулерге негіз болатын дереккөз қалыптастыру. Сонымен қатар, бұл жинақ өлкетану жұмыстары мен музейтану ісінің өзара байланысын нығайта түседі. Археологиялық жәдігерлерді жүйелеу арқылы біз тек тарихи фактілерді ғана емес, сонымен қатар сол кезеңнің әлеуметтік, мәдени, экономикалық болмысын тануға мүмкіндік аламыз. Аталған археологиялық коллекция Жылыой өңірінің бай тарихынан сыр шертіп, ұрпақ санасына туған жердің қадір-қасиетін тереңірек сіңіруге жол ашады.
Археологиялық коллекцияны жинақтап, ғылыми сипаттама беру ісі – музей қызметінің кәсіби деңгейін арттырумен қатар, аймақтық тарихты терең тануға зор үлес қосатыны анық.
ҚҰМЫРА
ҚҰМАН
ҚАСЫҚ
ЖЕБЕ ҰШТАРЫ
ОҚ
ҚҰЛЫП
КІЛТ
ІЛГЕК