15 наурыз күні аудандық музейде жарты киіз үй тігіліп, «Кең болсын қазағымның керегесі, құтты болсын Наурыз мерекесі!» тақырыбымен мерекелік шара ұйымдастырылды.
Наурыз мерекесінің мағынасын ашатын ұлттық құндылықтарды жас өрендерге насихаттау мақсатында мәдениет саласының ардагерлері, №21 мектептің ата-аналары мен оқушылары шақырылып, ұлттық салт-дәстүрлік көріністер қойылды. Атап айтар болса, оның ішінде, әжейлер мағынасын түсіндіре отырып, жас нәрестені бесікке салу рәсімін жасады.
Бұдан кейін жүруге жаңа қадам басқан сәбидің тұсауын кесу рәсімі барлық жөн-жоралғысымен шынайы көрсетіп шықты. Шара барысында мәдениет саласы ардагері Қарамолдиев Бозай ақсақал бата беріп, ақсақалдар Қыдыров Қосқұлақ балаға есім қою ырымдары қалай жүргізілетінін айтып берсе, ата-аналар жас өрендерге сүйінші сұрау, көрімдік, байғазы беру дәстүрлерінің мән-мағынасын суреттеп айтып шықты. Шара кезінде ардагерлерге ықылас көрсетіліп, наурыздық дәм берілді.
Балаларға ұлттық ойындар, оның ішінде, асық ату ойынының түрлері мен мағынасы түсіндірілді, дәлдеп асық ату сайысы ұйымдастырылды. Бүгінде жас өрендер арасында қолданыстан қалып бара жатқан ләңгі тебу шеберлігі көрсетіліп, арқан тартыс ойыны өткізілді, жеңімпаздар музей ұжымы атынан марапатталды. Өткізілген шара Наурыз мерекесінің мән-мағынасын ашып, жастарға дәстүрлік құндылықтарды насихаттауда үлкен әсері болды деп есептейміз.
http://zhmuzei-atamura.kz/kz/muzej-turaly/m-deni-is-sharalar-k-rmeler/https://old.maslihaty.kz/muzej-turaly/m-deni-is-sharalar-k-rmeler/201-15-nauryz-k-ni-audandy-muze5jde-ke-bolsyn-aza-ymny-keregesi-tty-bolsyn-nauryz-merekesi-ta-yrybymen-merekelik-shara-jymdastyryldy.html#sigFreeId481c11d762