Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «АТАМҰРА» КМҚК
ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫ МУЗЕЙІ

Жылыой аудандық музейінде №6, №7 мектептің 11-сынып оқушылары Ауған соғысының ардагерлерімен кездесті

2023 жылғы мәдени-көпшілік жоспарымызға сәйкес 15-ақпан күні Ауғанстаннан әскерлердің шығарылуының 34 жылдығына орай Жылыой аудандық музейінде №6, №7 мектептің 11-сынып оқушылары Ауған соғысының ардагерлерімен кездесті. Кештің мақсаты ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету, жат жерде көз жұмған жерлес азаматтарды еске алу және жастарға патриоттық тәрбие беру болып табылады.

Ауғанстан аумағынан әскерлердің шығарылуы жыл сайын атап өтіледі, өйткені дәл осы күні 1989 жылы Ауғанстандағы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің соңғы бөлімшелері Ауғанстан Демократиялық Республикасының аумағынан шығарылды.

Кездесу барысында «Ауғанның отты жалыны» атты бейнебаян, «Ардагерлер ардақты ер» тақырыбында көрме жасақталып, көрермен назарына ұсынылды. Ардагерлерге арнап №5 мектеп оқушысы Маратов Арсен «Жеңіс туы желбіреп» әнін орындаса, №20 мектептің 1 сыныптың оқушысы Ақылбекқызы Раяна «Армысыңдар ауғандық жауынгерлер» өлеңін нақышына келтіріп оқыды.

Кездесуге келген ардагерлер басынан өткерген оқиғасын айтып берді. –

«1986-1988 жж. өз еркіммен ауған жеріне интернационалдық борышымды өтеуге аттандым. Ротадағы сарбаздардың барлығы сондай шешім қабылдады. 1986 жылы күзде Джалал-Абад қаласына көктемгі шақырылыммен келіп түстім. Минометчик болдым. Ротамызда 20-дан астам ұлт өкілі болды. Сондай қиын кезде достасып, бір-бірімзге қамқоршы бола білдік. Аман-есен елге оралып, қазір жыл сайын кездесіп, майданнан қайтпаған достарымызды еске аламыз», — деді ауған ардагері Серікбай Қожамұратов.

Оқушылар қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Ардагерлер өз ойларымен бөлісіп қана қоймай, қазіргі жастарға бейбіт өмірді сақтауға, түрлі арандатушылыққа бой алдырмауға, Отанды қорғауға дайын болуға шақырды. Музей ұжымының атынан шақыруымызды қабыл алғандары үшін зор құрметпен алғыс білдіріліп, естелік сыйлықтар табыс етілді.