Есімі киелі мекен Кең Жылыойға кеңінен мәлім Жұбандық Таскарин бүгін дүниеге келгеніне 110 жыл толып отыр. Ол Атырау аймағында есімі ерекше атанған ел ағасы болған абыройлы азаматтардың бірі еді.
1914 жылы Гурьев облысы Қызылқоға ауданының Жамбыл ауылында дүниеге келген. Жасынан жақсылықты серік етіп, ақылды азық етіп өскен Жұбандық 1932 жылы педтехникумді тамаша тәмәмдағаннан соң еңбек жолының алғашқы адымын Теңіз (бүгінгі Құрманғазы) ауданы аумағында Ботақан ауылындағы бастауыш мектебінде мұғалім болудан бастайды. Ол кезде бар болғаны 18 жастағы Жұбандық жастығына қарамай аса ұстамды, салмақты көрінетін. Қатарлары оған қайран қалатын, жастығына қарамай көпшілік-қоғамдық жұмыстарға араласа жүріп, ел ішінде саяси жұмыстардың нақ ортасында бола білді. Ұйымдастырушылық қабілетін айқын аңғартты. Іскер кісі, алғыр азамат екенін қатарларына, істес болған адамдарға көрсете білді. Бұл жоғары ұйымдардың назарын бірден аударды. Қабілетті кадрды қапысыз аңғарған аудан басшылары оны басшылық жұмыстарға пайдалана алды. Аз жылда оны аудандық халық ағарту саласына басшылық жұмыстарға жіберіп, лауазымын жоғарылатты. 1934 жылдан бастап Теңіз, Новобогат, Жылыой аудандарында мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің инспекторы және меңгерушісі болып асқан абыройымен, шынайы көңілмен, адал жанымен еңбек етті. Аудандардағы мектептердің материалдық жағдайына, базасына ерекше көңіл бөле білді. Кең байтақ Отанымызда оқу-тәрбие жұмысы, ел ішілік жағдайы оңай болмаса да ол аса ақылмен, шеберлікпен еңбек етіп, әр жұмысты ұтымды ұйымдастыра білді. 1942 жылы партиялық қызметке жоғарылатылады. 1940 жылдан бастап СОКП мүшесі болады. Сосын бірден Жылыой аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімі меңгерушісі болып шыға келді. Кейін хатшысы боп сайланды. Арада көп уақыт өтпей-ақ шеберлігі шыңдалып, тәжірибесі толысқан Таскарин Жұбандық алдынан ақ жол ашылып, жаңа белестерге бастайды. Мақат, Маңғыстау аупарткомдарында екінші хатшылыққа сайланады. Бұл оның саяси шынығуына, идеялық жоғары деңгейде болуына қол жеткізді. Елге оралып Жылыой аудандық кәсіподағы комитетінің төрағасы, Қазақстан Мұнай бірлестігі бұрғылау кеңсесінің партбюро хатшысы болып істейді.
Ауылдан ауданға келген Ж. Тасқаринді аупартком аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатына директор етіп жібергені белгілі. Әлбетте, көпшілікпен ақылдасып, мамандармен бірлесіп жұмыс жасайтын Жұбекең жаңа жұмыс саласында да табыссыз болмады. Ол басқарған жылдарда комбинат қомақты табысқа қол жеткізді. Ауданның құрмет тақтасынан түспейтін болды. Көрсеткіштері көңіл толтырып, комбинат қызметі жұртшылықты қызықтырып отырды.
1975 жылы, дәл 61 жасында Жұбекеңе тұрмыс қажетін өтеу комбинатынан Республикалық деңгейдегі зейнетақы тағайындалады. Алайда өзінің өмірлік бай тәжірибесін жастарға үйретуден жалықпаған ардагер-комунист осы жылдан бастап өмірінің соңғы күніне дейін аудандық тарихи-өлкетану мұражайының директоры болып жемісті еңбек еткені елге белгілі.
Еліне, халқына қалтқысыз қызмет етудің ерен үлгісін осы бір адал коммунистен, ақ пейіл азаматтан алуға да болар. Олай дейтініміз — ол әрбір еңбек еткен ауданында партия комитетінің мүшесі, аудандық кеңестер депутаты ретінде де көптеген істерді жүзеге асырды. Өмірді гүлдендіруге, халық тұрмысын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізе алған адамды елі сыйлады, қадірледі. Ел ағасы атанған азамат «Айбынды еңбегі үшін, В.И. Лениннің туғанына 100 жыл толу құрметіне», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан Соғысындағы ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды. Шоқпартоғай селосындағы басты үлкен көшелердің бірі Жұбандық есімімен аталады.
Бұдан қырық сегіз жыл бұрын Гурьев облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры С.Бисенов Ж.Таскаринді Ембі аудандық өлкетану музейіне директор етіп тағайындалған еді. Қазіргі таңда музей қорында Ж.Таскариннің негізгі қорда 142 және қосымша қорда 31 дана жәдігері орналасқан.
Жылыой аудандық музейі қорында 1976 жылы қабылдап алған кезде 343 жәдігер болса, үстіміздегі жылы негізгі қорда 5540 және қосымша қорда 2000 данаға жетіп отыр.
