Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «АТАМҰРА» КМҚК
ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫ МУЗЕЙІ

«Музей қорына — мыс жәдігер»

Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Атамұра» музейі қоры бір туындымен толықты. Жылыой ауданы тұрғыны музей қорына туындыны тарту етті. Атап айтқанда, Құбығұлұлы Өскінбай пайдаланған – құман. Құбығұлұлы Өскінбай 1901 – 1985 жылдар аралығында өмір сүрген. Руы Адай – Мұңал – Ескелді. Азамат соғысына, Жөнейтханның әскеріне қарсы соғыстарға және Ұлы Отан соғысына қатысқан шежіреші ақсақал. Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Бейнеу кентінде өмір сүрген. Жас кезінде атақты жырау Сүгір Бегендікұлының қасында қосшы бала болып жүрген. Атадан мұра болып қалған бұл жәдігерді музейге тапсырған Жылыой ауданының тұрғыны Аязбаев Ерлан Жасқайратұлы.

Әуелі құманның қысқаша тарихы жайлы сыр шертер болсақ, осыдан екі ғасыр бұрын қазақ даласында құман үй тұрмысында күнделікті қолданылатын ыдыстардың бірі болған. Ісмер қолды хас шеберлер құманды түрлі металдардан: мыс, жез, темір, қола, күміс, қыштан жасаған. Қол жууға арналған құманды алып жүргенде суы шайқалып төгілмес үшін мойны, шүмегі ұзыншалау, биіктеу етіп жасалынған.

Ал мұражайдағы Өскінбай тұтынған құман жайлы сипаттама берер болсақ, қызыл мыстан жасалған,таттанған, пішіні алмұрт тәрізді, ұзартылған тар мойнында дөңес сақинасы бар. Екі жағында дөңес, сопақша медальондар бар. Құман сырты қалайымен жабылған.

Жалпы алғанда, шағын мақаламызға арқау еткен Ерланның атасы Өскінбайдан қалған мыс құман екі ғасырға жуық тарихы бап құнды жәдігер. Осы мыс құман мұражайға келген көрермендерге Өскінбай өмір сүрген кезеңнің сан қилы тарихынан сыр шертіп тұрғандай әсер береді.

Гүлжауһар Анкашева