Атырау облыстық тарихи – өлкетану музейінің «Ұлы дала жауһарлары» тақырыбындағы көшпелі көрмесі ауданымызға ат басын тіреді.
21-23 қараша аралығында үш күн қатарынан көрермен назарына ұсынылған көрмеде «2017 жылы Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы қорғандар тобынан табылған Сармат әйелі, қалпына келтірілген киімі және қару — жарақтары», «2017 жылғы Қызылқоға ауданы, Миялы қорғандарынан табылған әшекей бұйымдар», «Әйел киімінің әшекейлік жапсырмалары», «Антропологиялық қайта құру», «Ат әбзелінің жапсырмалары» сияқты тақырыптарды қамтыды.
Көрменің алғы сөзін бастау үшін «Жылыой аудандық ішкі саясат бөлімінің» басшысы А.Нұрмахановаға берілді. Атырау облыстық тарихи – өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Е.Тілекқабылов көшпелі көрменің археологиялық құндылықтарын баяндап, музей басшысы М.Кипиевтің атынан Жылыой аудандық музейі ұжымына «Алғыс хат» табыстады. Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ғ.Жұмақшамов көрме ұйымдастырушыларына ардагерлер атынан алғыс білдірсе, «Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының» мүшесі, ақын Ұ.Сисекенов өлкедегі тарихи орындар туралы баяндап өтті.
Көрмеге ауданның сала ардагерлері, тарихшы — өлкетанушылар, мекеме басшылары, аудандық білім беру ұйымының 14 мектебінен 6-7 сынып оқушылары мен аудан тұрғындары қатынасты.
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі экскурсоводы Г. Өмірбек көрмеге келген көрермендерге Батыс Қазақстан аумағында терең зерттеу жұмыстары нәтижесінде табылған – Миялы қорғандар тобы және қазба жұмыстары, Миялы қорғандарынан табылған сырға, тігілмелі әшекей бұйымдары, ат әбзелінің айырғыш жапсырма әшекейлері, қазба жұмыстары кезінде қорған үйіндісін топырақтан тазарту барысында табылған жылқының бас сүйегі, әйел киімінің әшекейлік жапсырмалары туралы түсіндірді.
Тарихи мұрамызды аудан тұрғындарына кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған көшпелі көрмені 500-ге жуық көрермен тамашалады.
Жылыой аудандық музейі

