Жылыой аудандық музейінде ақын, халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың — 85 жылдығына орай «Өнер алды қызыл тіл!» тақырыбында жүргізушілер байқауы ұйымдастырылды.
Байқауға аудан мектептерінің жоғарғы сынып оқушылары қатынасты. Қатынасушылар алдымен әлеуметік желіге бейне үндеу жолдап, «Сәлем сөздің анасы», таныстыру бөлімі, «Көркем сөз шебері», Фариза ақынның өлеңін мәнерлеп, жатқа оқу, «Сөз мәнері» (қатысушыларға түрлі сценарий нұсқалары беріледі: салтанатты шара, корпоративтік шара, шоу-бағдарлама және т.б. мәнерлеп оқып беру ), «Импровизация» (аудиториямен жұмыс, кез- келген оқиғадан шыға білу) бөлімдері бойынша сынға түсті.
Жылыой аудандық білім бөлімінің әдіскері Ихсанова Жазира Бауыржанқылы, «Кең Жылыой» газетінің тілшісі Ахметкәрім Ерназ және музей әдіскері Жазира Бердіқұлқызынан құралған қазылар алқасы үміткерлерді жүргізушінің шеберлігі, дауыс ырғағы, киім үлгісі, орындау шеберлігі, сахна мәдениеті бойынша бағалады.
Оқ бойы оза шауып, бәйге алған оқушылар Мерейлім Мүбарак — бас жүлде, Нұрланқызы Айерке — І орын, Дәулетбаева Әсел — ІІ орын, Әкен Жангүлім — ІІІ орын иемденді. Өзге қатысушылар ынталандыру сыйлығы және алғысхаттармен марапатталды.


