Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «АТАМҰРА» КМҚК
ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫ МУЗЕЙІ

Музейде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтті

22 наурыз – қазақ халқы үшін ерекше мәнге ие Ұлыстың ұлы күні. Бұл күн – табиғаттың жаңарып, тіршіліктің қайта жанданатын шағы, көктемнің келіп, күн мен түннің теңелетін кезеңі. Наурыз мерекесі – бірлік пен татулықтың, жақсылық пен жаңарудың символы ретінде ғасырлар бойы тойланып келе жатқан ұлттық мейрам.

22 наурыз күні музейде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған ауқымды мәдени іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, кең көлемде аталып өтті. Бұл күні музей аумағы ерекше мерекелік көңіл-күйге бөленіп, ұлттық нақыштағы безендірулермен көркемделді. Мерекеге қала тұрғындары, қонақтар, жастар мен балалар көптеп жиналып, қазақ халқының бай мәдениеті мен салт-дәстүрлерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Іс-шара аясында музей аумағында арнайы киіз үй тігіліп, келушілерді қарсы алу сәті ұйымдастырылды. Киіз үйдің ішкі жабдықталуы ұлттық дәстүрге сай безендіріліп, онда халқымыздың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін көріністер ұсынылды. Қонақтар киіз үйге кіріп, оның құрылымы мен мағынасы туралы мәлімет алып, ұлттық мұраға деген қызығушылықтарын арттырды. Мерекелік дастарқан да ерекше мәнге ие болды. Келушілерге наурыз көже, бауырсақ секілді т.б ұлттық тағамдар ұсынылып, көпшілікке таратылды. Бұл – Наурыз мерекесінің басты дәстүрлерінің бірі ретінде халықтың бірлігін, татулығын және қонақжайлығын көрсетеді. Қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татып, өз ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар, мерекелік бағдарлама аясында концерттік қойылымдар ұйымдастырылды. Сахнада ұлттық әндер шырқалып, қазақтың ұлттық билері көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Концерттік бағдарламаны тамашалауға жиналған халық көтеріңкі көңіл-күйде болды. Өнерпаздардың өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, іс-шара барысында ұлттық ойындар мен түрлі сайыстар өткізілді. Атап айтқанда, арқан тартыс, күш сынасу, асық ойнау сияқты дәстүрлі ойындар ұйымдастырылып, қатысушылар белсенділік танытты. Әсіресе, жастар мен балалар бұл ойындарға ерекше қызығушылықпен қатысып, өздерінің ептілігі мен шапшаңдығын көрсетті. Мұндай ойындар ұлттық құндылықтарды насихаттаумен қатар, халықтың бірлігін арттыруға да ықпал етеді. Музейде өткен Наурыз мерекесіне арналған бұл іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, келушілерге ерекше әсер сыйлады. Мереке барысында ұлттық дәстүрлер кеңінен дәріптеліп, халықтың рухани құндылықтары насихатталды. Осындай мәдени шаралар ұрпақтар сабақтастығын сақтауға, ұлттық мұраны құрметтеуге және қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтуға үлкен үлес қосады.