Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «АТАМҰРА» КМҚК
ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫ МУЗЕЙІ

Киелі жерлер тарихы – аңыз бен ақиқат

2026 жылдың 17 сәуір күні «Киелі жерлер тарихы – аңыз бен ақиқат» тақырыбында «Тарихи орындар мен ескерткіштерді қорғау күніне» орай Ұшқан ата қорымына танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Аталған экскурсияға өлкетанушы, мәдениет саласы ардагерлері, Т.Байсырымов атындағы Құлсары гуманитарлық-техникалық колледж студенттері және музей қызметкерлері қатынасты.
Экскурсия барысында қатысушылар алдымен Ұшқан ата қорымына құран бағыштап, кейін қасиетті орынның тарихы, атауы және рухани маңыздылығы жөнінде ақпарат алды.
Экскурсияда Жылыой ауданы аумағында Ұшқан ата қорымы секілді тарихи орындардың көптігі, олардың ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың өркениетінің айқын іздері екені аталып өтті. Сонымен қатар бұл ескерткіштердің тек сәулеттік немесе археологиялық құндылық қана емес, халықтың дүниетанымы, сенімі, салт-дәстүрі мен тарихи жадын бейнелейтін маңызды рухани мұра болып табылатыны жеткізілді.
Сондай-ақ қорымның пайда болуына байланысты бірнеше аңыз-әңгімелердің сақталғанын және Ұшқан ата кешенінің республикалық деңгейдегі киелі жерлер санатына жататыны жөнінде де мәлімет айтылды.
Танымдық жорық барысында Жылыойлық өлкетанушы, мәдениет саласының ардагері Б. Базарбаев қорым туралы аңыздарды баяндап берді. Сонымен бірге жергілікті өлкетанушылар М.Әкенов және А.Төлегенов сол жерде орналасқан құлпытастардың тарихына тоқталды.
Іс-шара соңында қатысушылар қорым маңындағы археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген орынға барып, XIV ғасырда салынған керуен-сарайдың орнымен танысты.
Сонымен қатар экскурсия барысында жастармен қасиетті мекенге сенбілік жұмыстарын жүргізу волонтерлық іс-шаралары жүргізілді.
Аталған экскурсия жас өлкетанушыларға тарихи орындарды жаңа қырынан танып-білуге мүмкіндік беріп, студенттердің туған өлке тарихына деген қызығушылығын арттырды.