Жылыой аудандық музейінде Фин соғысы мен Ұлы Отан соғысына қатысқан «Қызыл жұлдыз» орденді капитан шеніндегі офицер Нұрғазиев Тобылғы Нұрғазыұлының 110 жылдығына және Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 81 жыл толуына орай «Ұлы Жеңіске үлес қосқан майдангер» тақырыбында еске алу шарасы ұйымдастырылды. Шараның мақсаты жауынгер өмірін үлгі ету, жастарға соғыс сұрапылы мен жеңістің қадірін түсіндіру. Батылдығы мен қайсарлығын еске алу ғана емес, болашақ ұрпаққа өнеге көрсететін, патриоттық рухты асқақтататын маңызды дәстүр. Іс-шараны музей басшысы Мұрат Ерісұлы ашып, жиналған қауымға жүрекжарды лебізін білдірді. Ол өз сөзінде Ұлы Отан соғысының тарихы, оның бүгінгі ұрпақ үшін маңызы туралы айтып, келушілерге алғыс білдірді. Шара барысында «Екі майданның қаһарманы» тақырыбында жауынгер өмір тарихын, ерлігін баяндайтын бейнеролик көрермен назарына ұсынылды. Шара барысында жақын туыстары, ауыл ақсақалдары және ұрпақтарының атынан сөз алған Т.Нұрғазиев, қаламгер Қ.Қалдыоразов, мәдениет саласының ардагері Н.Ақназаров, қызметтес інісі Қ.Жұмағалиев, С.Ержанов жауынгердің ерлік істерін дәріптеп, естеліктерімен бөлісті. Шараның келесі бөлімінде музей қорындағы Т.Нұрғазиевтың марапаттары мен тұтынған бұйымдарынан жасақталған көрме қонақтар назарына ұсынылды. Шара соңында жауынгер рухына құран бағышталды. Отбасы атынан сөз сөйлеген жауынгердің қызы М.Нұрғазиева қайсар да, жігерлі жауынгердің ұрпағы екендігін мақтан тұтатындығын тебірене әңгімелеп берді. Шара қонақтарына ризашылығын білдіріп, отбасы атынан сый-сыяпат табыстады. Осы секілді іс-шаралар арқылы жасұрпақ батырлық пен отансүйгіштік қасиеттерді бойына сіңіріп, ерлікке тағзым етудің маңызын түсінеді. Бұл – тарихты ұмытпауға, өткеннің өнегесінен сабақ алуға арналған қадам.







