Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «АТАМҰРА» КМҚК
ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫ МУЗЕЙІ

ОТБАСЫ КҮНІНЕ ОРАЙ «АНАҒА ТАҒЗЫМ» ЭКСПОЗИЦИЯСЫНЫҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Отбасы күніне орай ана мәртебесін дәріптеу, отбасы құндылықтарын насихаттау және елге еңбегі сіңген ардақты аналардың өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа таныту мақсатында «Анаға тағзым» экспозициясының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шара барысында сөз кезегі Жылыой ауданы әкімі жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Әбдіғалиева Мадина Сабыржанқызына беріліп, ол барша қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, ананың отбасы мен қоғамдағы ерекше рөліне тоқталды.
Экспозицияның ашылу рәсіміне Құрманғазы аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Хасенова Балғаным Хасенқызы және көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері Сауытова Сәнтөре Ізбергенқызы қатысып, «Анаға тағзым» бұрышының лентасын қию рәсімін өткізді.
💐 «Анаға тағзым» экспозициясы – анаға деген құрмет пен тағзымның, отбасы құндылығы мен ұлттық тәрбиенің көрінісі.
Экспозициядан «Мерейлі отбасы» альбомдары, көпбалалы аналарға арналған материалдар және өңірге еңбегі сіңген ардақты аналардың өмір жолын танытатын деректер орын алды.
Көрменің ең қадірлі бөліктерінің бірі – Социалистік Еңбек Ері Сәли Шәкірова, Жылыой өңірінен шыққан, елге адал еңбегімен танылған мұнайшы-оператор, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Маржан Боранбаева, сондай-ақ Шоқпартоғай ауылында дүниеге келіп, он үш перзент тәрбиелеп өсірген «Ардақты ана», халықтық қолөнердің көрнекті шебері Рысты Балжігітова сынды аяулы аналарға арналған бөлім.
🌿 Экспозицияның тағы бір ерекше бөлігі – «Ана туралы нақыл сөздер» бұрышы. Мұнда халқымыздың анаға деген құрметін айшықтайтын тағылымды сөздер мен ұлттық тәрбиені насихаттайтын көріністер ұсынылған.
Сонымен қатар экспозицияда халқымыздың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін ұршық иіріп отырған және жүн түтіп отырған ана бейнесіндегі композициялар қойылды.
Ана – тіршіліктің бастауы, отбасының берекесі, ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегі.
Анаға құрмет – адамзатқа құрмет!