Нәзік жандылар заманның қай кезеңдерінде де қоғамнан ажыраған емес. Оны тарих беттеріндегі аналарымыздың қоғам мүшесі ретінде өзінің әлеуетін, қай салада болмасын, қоғам қайраткерлері ретінде дамытып отырғанын білуге болады. Қазақи ортада өмір сүре отырып, өз жеке басынан гөрі қоғам мүддесін жоғары ұстаған халқымыздың дара тұлға нәзік жандары қаншама.
Осы тұрғыдан еліміздің даму қарқынына өз үлесін қосуда нәзік жандылардың орны айрықша. Жалпы алғанда, қоғамның қай саласы болмасын, әйелдер табысты қызмет етуде. Осы тұста Жылыойдың басқару саласында, өнер саласында, мұнай, ауылшаруашылық саласында еңбек еткен аналарымыз аз емес.
Қазақ әйелі, ең алдымен, отбасы берекесі, отағасының адал жары, сенімді серігі, ақылшысы, балаларының мейірімді анасы, туған-туыстарының қамқоршысы, жанашыры. Содан соң Қазақстанның ілгерілеп дамуына өз үлесін қосып жатқан, қоғамның барлық салаларында қызмет етіп жүрген белсенді мүшесі, қазіргі заман қаһарманы. Үшіншіден, қазақ әйелі нәзік болмысты парасатты жан, сұлулық пен сымбаттылықтың символы. Нәзік жандылар ерлерге қарағанда нәзік, ақылды, кешірімді, төзімді болып келеді. Ұлтымызды ұйытып, ұрпақ тәрбиелеп отырған да әйел. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі әйел келбеті – «бір қолымен бесік тербеткен, екінші қолымен әлемді тербеткен» аяулы да сыршыл жан.
Бүгінгі мерекелік таныстырылымызда басқару саласының үздігі Меллят Сабырова және мұғалім, өнерпаз Рабиға Ғалиеваның музей қорында сақталған өмір жолын бейнелейтін тарихи суреттер мен кітаптарынан, тұтынған бұйымдарынан, марапаттарынан жасақталған көрмемізді таныстыруға рұқсат етіңіздер.
Меллят Сабырова — 1927 жылы туған. Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, көп жылдар ел басқару жұмысында өзінің білімділігі мен біліктілігі, іскерлігі мен алғырлығы, шебер ұйымдастырушылық қасиетімен көпшіліктің беделі мен алғысына бөленген жалынды қазақ қыздарының бірі, ұлағатты ұстаз.
1948-1968 жылдары Теңіз ауданында мұғалім, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, 1963-1985 жылдары Теңіз, Ембі аудандарының атқару комитетінің төрайымы болды. Миллят Сабырқызы Теңіз аудандық (қазіргі Құрманғазы) оқу бөлімін он жылға жуық уақыт бойы басқарып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, саланың дамуына үлкен үлес қосты. Жылой аудандық Кеңесі атқару комитетіне жетекшілік еткен жылдары ауылшаруашылығымен қоса мұнай-газ саласы да қарқын алды. «Көкарна» кен орны ашылып (1974ж.), Прорва кен орны қанат жайды. Бұған қоса, ауданда жолдар, әлеуметтік нысандар салынып, бой көтерді.
Ел үшін төгілген терін бағалаған халық үлкен сенім артып, бірнеше рет аудандық, облыстық кеңестердің депутаттығына сайлады. Мемлекет еңбегін ұлықтап, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапаттады. Ол өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан жан. Атырау қаласының «Құрметті азаматы», қоғам қайраткері, еңбек ардагері Меллят Сабырова, Құрманғазы, Жылыой ауданының «Құрметті азаматы».
2020 жылдың наурыз айында Миллят Сабырова 93 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Сіздердің назарларыңызға Ембі аудандық атқару комитетінің төрайымы қызметін атқарған Миллят Сабырқызының музей қорында сақталған тарихи фотосуреттері, төл туындылары «Атырауым аңсарым», «Өмір-тірлік айнасы» кітаптары, Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық комитетінің және Жоғарғы Кеңестің 50 жылдығына орай, салтанатты жиынына Д.А.Қонаевтың шақырту қағазы, 1997 жылы Жылыой ауданының «Құрметті азаматы» атағын беру туралы шыққан қаулысы және тұтынған бұйымдары қойылған көрмені ұсынамыз.
Ғалиева Рабиға Торпаққызы-1938 жылы Орал облысы, Қаратөбе ауданында дүниеге келген. Саналы да, сапалы еңбек жолын ұстаздықтан бастап, адал еңбегінің арқасында халқының алғысына ие болды. Көрермендер көңілінің шырқау биігіне көтерілді. Сахна төріндегі алдыңғы буын ата әжелердің даңғыл жолына кейінгі буын немерелер арқылы өрнекті із сала білген ардагер ұстаз, әнші. Рабиға апамыз тірі кезінде музейдің нағыз жанашыры болды. Музейде өткен шараларға қатысып, ән салып, жастарға өнегелі өмір жолы туралы әңгімелеуден жалыққан емес. Қазақ елінің атын асқақтатып, талай жерді аралап, республикаға, облысқа, ауданға кеңінен танылған өнер иесі.
Ғалиева Рабиға Торпаққызы — мұғалім өнерпаз, алтыншы дүниежүзілік жастар мен студенттердің фестивалінде әншілігімен жеңімпаз атанып, алтын медалға ие болған. Халық театры әртісі. Мәскеу, Бухарест қалаларында өткен әншілер байқауының жеңімпазы. Оқу ісінің үздігі. Ал, өнер жолындағы биік-биік мәртебелі атақ-даңқтары сол жылдардың айшықтары, шежіре болып жазылған өмір өрнектері, бұлбұлдай сайраған дауысы, жарқын да жайсаң жайдары бейнесі Жылыой жұртының жүрегінде мәңгілік сақталады.
Келесі ұсынатын көрмеміз мұғалім, өнерпаз Рабиға Торпаққызының музей қорындағы бұйымдары. Ұлы Октябрьдің 50 жылдығына орай ұйымдастырылған байқауда шебер орындаушылығы үшін I дәрежелі диплом, Ұлы Октябрьдің 70 жылдығына орай БүкілОдақтық Халық шығармашылығы фестивалінің I дәрежелі дипломы, облыс, аудан әкімдерінің марапаттары, құттықтау алғыс хаттары, ұстаздық, өнер жолындағы тарихи фотосуреттері және сахналық киімдері қойылған.
Арманымды ақтарам ба жүрегімді тербесем,
Айға сіңлі,қарындассың қасиетті Жерге сен.
Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,
Сендік қуат мың есе артық Жердің қуат күшінен!-деп Жылыой аудандық музейі атынан көктемнің шуақты күнімен жарыса жеткен, жақсылықтың, мейірімділіктің, әдеміліктің нышанындай болған 8 — наурыз аналар күнімен баршаңызды құттықтаймыз.