Наурыз-көптеген Азия халықтарының соның ішінде қазақтардың да ерекше тойлайтын ұлттық мерекесі. Халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы деп бағалаған. Наурыз — көктем мерекесі, табиғаттың жаңаруы, жаңа жылдың, өмірдің басы. Жылыой аудандық музей ұжымы Наурыз мерекесін тойлауды жақсы дәстүрге айналдырған. Атаулы күні қонақтарға арнап мерекелік дастархан жайды. Музей басшысы Наурыз мейрамымен құттықтап, шаңыраққа келген меймандарға өзінің ниетін білдірді. Ұлттық киім киген музей қызметкерлері тоқшылық пен ырыстың жоралғысы ретінде ұлттық тағамдарды молынан әзірлеп, олардың ішінде мерекенің ең басты асы – Наурыз көжеден дәм татқызды. Музей қорындағы ұлттық қолөнер бұйымдары қойылған көрме ұйымдастырылды. Шара барысында музейдің этнографиялық бұрышында оқушылар көрініс көрсетсе, бірінде «Тұсау кесер», «Ұршық иіру» сияқты дәстүр үлгісі көрсетіліп, қазақтың халық әндерін айтып мерекенің сәнін кіргізді. Осындай даналықтың ұлық мерекесі – әз Наурыз дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, отбасыларыңызға бақыт, құт-береке, бейбіт өмір әкелсін. Әрдайым керегелеріңіз кеңейіп, шаңырақтарыңыз биіктей берсін! Ұлыстың ұлы күнінде үкілі үміттеріңіз ақталып, ойлаған армандарыңыз орындалсын. Өмірлеріңіз сәнді, көңілдеріңіз нұрлы болсын ағайын! Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын!
http://zhmuzei-atamura.kz/kz/muzej-turaly/m-deni-is-sharalar-k-rmeler/https://old.maslihaty.kz/muzej-turaly/m-deni-is-sharalar-k-rmeler/160-zhylyoj-audandy-muzeji-lysty-ly-k-ni-nauryz-mejramyn-mektep-o-ushylarymen-birge-atap-tti.html#sigFreeIdf083451dd9