Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай Жылыой аудандық музейінде өлкеміздің танымал өнер иелерімен бірлесе отырып «Өнерім саған – Тәуелсіз Қазақстан!» тақырыбында сурет көрмесі өтті.
Тәуелсіздік мерекесі – бұл халқымыздың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған асыл мұрасының жүзеге асқан күні.
Тәуелсіз елдің ең басты тұғыры — ол қоғамның, ұлттың рухы, жігері, қоғамдық санасы. Міне сол, ұлттық рухымызды, руханиятымызды айшықтау бүгінгі көрмеміздің де басты мақсаты болды.
Осы ретте, Жылыой өлкесінің танымал суретшілерін аудан жұртшылығына, бүгінгі жас өрендерге насихаттау, олардың шығармашылығын дәріптеу арқылы өнерге деген құрметті арттыру -баршамыздың ортақ міндетіміз.
Тәуелсіздік мерекесіне орай ұйымдастырылып отырған сурет көрмесіне 8 қылқалам шеберлерінің: Р. Оразғалиев, С.Мәтениязов, Қ.Қыдыров, Л.Мамырова, Н.Елтезерова, Н.Мақсотова, Н.Сағынғалиев, Қ.Шалабаевтың 70-тен астам туынды еңбектері қойылды.
Алғаш сөз алған Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Байрақбайұлы көрме қонақтарына қош келдің лебізімен, «16-желтоқсан – Тәуелсіздік күні» мерекесімен құттықтап, 15-қараша Алматы қаласында «Қазақстан Республикасы суретшілер Одағының» кезекті Пленумында жерлесіміз, суретші Мамырова Ләззат Оңғарқызы «Қазақстан Республикасы суретшілер Одағының» мүшелігіне қабылданған билетті аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы табыстады. Аудан басшылығы атынан көрмеге қатысушы суретшілерге ризашылық білдіріп, «Алғыс хатпен» марапаттады.
Өз кезегінде сөз алып, көрмені ұйымдастыруға бастамашы болған әуесқой суретші-график — Оразғалиев Рзабай, Жылыой ауданының Құрметті азаматы, мәдениет саласының ардагері — Нұрдәулет Ақназарұлы, қазақ өнерінің қайраткері, Қазақстан Республикасы суретшілер және дизайнерлер Одақтарының мүшесі — Серік Қамидоллаұлы көрменің негізгі мақсат-міндетін таныстыра келе, аудан басшылығына өз қолымен жасаған қайыспен өрілген қамшысын тарту етіп, М.Ерісұлы басшылық ететін музей қызметкерлеріне ризашылық сезімдерін білдірді. Көрме соңында музей ұжымы атынан суретшілерге естелік-сый табысталды. Аталған көрме музей залында келушілер назарына 1 ай көлемінде ұсынылады.