17.05.2023 жылы жылдық жоспарға сәйкес 18-мамыр — Халықаралық музей күніне орай «Ғасыр қойнауынан жеткен асыл мұралар — өлке мақтанышы» тақырыбында ауданның ардагер өлкетанушылары мен жас өлкетанушылардың және Жылыой ауданы мектептерінің жас тарихшы мұғалімдерінің қатысуымен дөңгелек үстел шарасы болып өтті! Аталған шараның алғы сөзі музей әдіскері Ж.Нұрмашова «Тастарда таңбаланған тарих» тақырыбындағы баяндамасымен басталған-ды. Қазақстанның киелі жерлері картасына енген тарихи-мәдени ескерткіштерінен мәлімет беретін «Жылыойдың жауһар нысандары» тақырыптық бейнефильмі көрермен назарына ұсынылды. Жылыой өлкесінің тарихы мен танымына, жер-су атауларының шығу тегі мен халық аузындағы аңыз-әңгімелердің әр нұсқасын жіті қарап, кейінгі ұрпаққа насихаттап жүрген ауданымызға белгілі өлкетанушылар: мәдениет саласының ардагері Н.Ақназаров, Е.Дәулетбаев, Е.Жиенқұлов, С.Есен сынды ағаларымыз киелі жерлер жөнінде көптеген мәліметтер айтып өтті. Оның ішінде киелі жерлер санатына кіретін Құлшан ата, Ақмешіт некрополі, Ұшқан ата, Иманқара, Аралтөбе тарихи-археологиялық кешені, Республикалық деңгейдегі тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген Жұбан тамы, сонымен қатар жергілікті маңызы бар нысандары жөнінде аңыз-әңгімелер мен тарихы туралы талайлы шежірелер айтылды. Тарих бетіндегі ақтаңдақ іздерді ізденуі тиіс жас өлкетанушыларға ардагерлеріміз өз өлкесінің қадір-қасиетін ұғынсын деп ағалық-даналық ыстық ықыластарын жеткізді. Дөңгелек-үстел шарасының жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан ардагер өлкетанушылар мен тарихшы мұғалімдерге, жас өлкетанушыларға музей маманы Г.Сабирова ризашылық білдіріп естелік-сый табыстады.
