31 мамыр – «Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» қарсаңында Жылыой аудандық музейінде «ГУЛАГ жүйесі: Прорва және Астрахань лагерлері (1932-1950 жж.)» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізілді.
Дөңгелек үстелге аудан ардагерлері, білім беру, мәдениет ұйымдарының қызметкерлері, жастар өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелді аудан әкімінің орынбасары Г.Айшуақова ашып, аудандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, еске сақтау бағытындағы жасалған жұмыстарға тоқталды, Прорва лагерінің орнына ескерткіш тақтаның қойылғаны туралы айтып өтті.
Дөңгелек үстелге арнайы келген қонақтар тарих ғылымдарының докторы, Х.Досмұхамедов атындағы университетінің профессоры Ахметова Ұлжан Төлегенқызы, баяндама жасап, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі қолдауымен жүзеге асқан «ГУЛАГ жүйесіндегі Прорва және Астрахань лагерлері: тарих, естелік, тағылым» жобасы іске асқанын, оны іске асыру бағытында қандай жұмыстар жүргізілгені туралы баяндап өтті.
Сондай-ақ, «Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы» РМҚК-ң ғалым хатшысы Жұмабаев Амангелді Жеңісұлы және «Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы» РМҚК-ң археологы Айбек Тұрарұлы да қосымша баяндамалар жасап, Атырау өлкесі бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бағытында жасалған жұмыстарға, оның ішінде Сарайшық музейімен жасалып жатқан істерге тоқталды.
Дөңгелек үстел барысында ардагерлер, тарихшы ұстаздар Жылыой өлкесі бойынша қуғын-сүргін құрбандары, олардың ұрпақтары, ақталмағандарды ақтау бағытында, мәңгі есте сақтауға қатысты сұрақтарын, ұсыныс пікірлерін ортаға салып талқылады, өлкеміздегі орны жоғалып бара жатқан тарихи орындар туралы да әңгіме қозғалды, бұл бағыттағы алдағы жоспарлар ортаға салынды.
Дөңгелек үстел соңында музей басшысы М.Қақпанбаев ұсыныс-пікірлерді қорытындылап, қатысушыларға ризашылығын білдірді және музей атынан Сарайшық музейіне «Өлке тарихының ордасы» атты Жылыой ауданы музейі туралы жазылған кітапты ұсынса, Х.Досмұхамедов атындағы университетінің профессоры Ұ.Ахметова Жылыой ауданы әкімшілігіне және Жылыой ауданы музейіне «Қазақстанның Прикаспий аймағындағы лагерлер жүйесі 1932-1953 жж» ғылыми-шығармашылық кітабын табыс етті.
Кеш соңында музейде жасақталған «Саяси-қуғын сүргін: ел тағдырының ақтаңдағы» тақырыбындағы көрме таныстырылымы өткізілді.





