Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «АТАМҰРА» КМҚК
ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫ МУЗЕЙІ

«Еңбегім саған – туған ел!» тақырыбындағы сурет көрмесі

Аудандық музейде Жылыой ауданының 95 жылдығына орай қасиетті өнер иесі, өлкеміздің танымал суретшісі, қолөнер шебері маңғаз Маңғыстауда туып, еңбегін Жылыойға арнаған Қыдыров Қосқұлақ Қайрошұлының «Еңбегім саған –туған ел!» тақырыбындағы сурет көрмесі ұйымдастырылды.

Қыдыров Қосқұлақ Қайрошұлының әкесі темірден түйін түйген шебер болса, анасы бау, басқұр тоқитын тоқыма шебері болған екен. Қосқұлақ Қайрошұлының суретші болуына және халықтың сәндік қолөнеріне қызығуына өзінің ата-анасының ықпалы зор болды.

Қыдыров Қосқұлақ Қайрошұлы–Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін көркем-безендіру мамандығы бойынша бітірген. Жылыой ауданы музейінің суретші маманы. Бірнеше дипломдар мен алғыс хаттармен марапатталған. Жылыой ауданы суретшілерінің І-ші көрмесінің дипломанты.

Аталған сурет көрмесіне шебердің 27-ден астам суреттері және ағаш бұйымдарынан туынды еңбектері қойылды. Көрмені арнайы шақырылған қонақтар ауданның сала ардагерлері, қылқалам шеберлері, аудан белсенділері, БАҚ өкілдері тамашалады.

Жылыой өлкесінің танымал суретшісін аудан жұртшылығына, бүгінгі жас өрендерге насихатау, олардың шығармашылығын дәріптеу арқылы өнерге деген құрметін арттыру баршамыздың ортақ міндетіміз деп білеміз.