Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «АТАМҰРА» КМҚК
ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫ МУЗЕЙІ

Аудандық «Кең Жылой» газетіне 90 жыл!

Аудандық «Кең Жылой» газетінің жарыққа шыққанына 90 жыл толуына орай «Туған жердің туы болған — «Кең Жылой» атты салтанатты кеш өтті. Аталған шараға Жылыой ауданы музейі қорында жинақталған жәдігерлерден көрме жасақталды. Көрмеге аудандық «Кең Жылой» газетінің 1933 жылдың 4 қазанында жарық көрген тұңғыш саны, 1937 жылы шыққан «Социалистік ауыл», 1952 жылы қаңтардан бастап жарыққа шыққан «Коммунизмге алға, Вперед коммунизму», 1965 жылдың маусым айынан бастап шыққан «Ембі», 1991 жылы шілде айынан бастап «Кең Жылыой» деген атпен жарық көрген газет беттері қойылды. «Ембі» редакциясының «Құрмет кітабы», жазу машинкасы, журналы және редакция ұжымының әр жылдардағы марапаттары орын алды.

Сонымен қатар Қабиболла Сыдиықов, Сайханов Ғилымғали, Меңдекеш Сатыбалдиев, Кемелхан Ыбырайұлы, Бақытжан Бозданов, Мұңал Далбаев, Тементай Әділханов, Айтуар Өтегенов, Қаржау Оразбаев, Бигелдиев Бисембай, Бекетов Айтқали, Қонаш Қалдыоразұлы, Кідібасов Қален, Базарбаев Бүркіт, Қошақанов Ербол сынды республика және облыс көлеміне танымал тілші-журналистердің тұтынған бұйымдары, құжаттары мен марапаттары көрермен назарына ұсынылды. Мерекелік кешке аудандық газеттің бұрынғы және қазіргі журналистері, аудан әкімінің орынбасары және Атырау-Ақпарат өкілдері келіп қатынасты. Шара концерттік бағдарламаға ұласты.