Жылыой ауданының 95 жылдық мерейтойына арналған «Киелі өңір нақыштары!» тақырыбындағы Батыс аймақтық сурет көрмесі өткізілді. Көрме барысында киелі мекен — Кең Жылыой, өлкеміздің мақтаныштары туралы мәліметтер айтылып өтті. Ауданымыздың қолөнер, қылқалам шеберлері бұған дейін де аудандық музеймен бірлесіп, аудандық деңгейде бірнеше көрмелер ұйымдастырып, жас өрендерді өнерге насихаттауға өз үлестерін қосып келеді. Аталмыш көрменің ерекшелігі — Маңғыстау, Қызылқоға өлкелерінен келген шеберлердің, сонымен қатар Жылыойдың жас суретшілерінің жарыққа шықпаған туындылары көрермен назарына ұсынылды. Оразғалиев Рзабай, Мәтениязов Серік, Қыдыров Қосқұлақ, Мамырова Ләззат, Елтезерова Нұргүл, Мақсотова Нұрила, Шалабаев Қуаныш, Дәумегенов Бағытжан, Исмагулов Мұрат, Демеуова Хиуаз, Қоянғалиев Еркін, Бозжігітов Еркін, Бәйешев Темірхан секілді 14 қылқалам шеберінің 70 тен астам туындысы көрмеге қойылды. Шара барысында Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Аязберікқызы көрмені ашу үшін алғы сөз сөйлеп, «Жаңа Қазақстанның 100 жаңа есімі» атты республикалық байқауға қатысып жеңімпаз атанған қылқалам шебері Ләззат Мамыроваға және Маңғыстау, Атырау облыстарынан арнайы қатысқан суретшілерге Жылыой ауданы әкімінің “Алғыс хаты” табысталды. Сонымен қатар, Құлсары қаласы әкімі Қадыржан Аманкелдіұлы, Жастар ресурстық орталығының өкілі Еримова Айжан, музей басшысы Мұрат Ерісұлы өткізіліп отырған шараға ризашылық білдіріп, қылқалам шеберлерін алғыс хатпен марапаттады. Осы көрмені ұйымдастыруға бастамашы болған қазақ өнерінің қайраткері, Қазақстан Республикасы суретшілер және дизайнерлер Одақтарының мүшесі Серік Қамидоллаұлы көрменің негізгі мақсат-міндетін таныстырып өтті. Мемлекеттік қызмет саласының ардагері Бектілеуов Сағынбай ағамыз бен Маңғыстау облысынан келген, облыстық көрме байқаулардың дипломанты Хиуаз Сұлтанқызы және көрмеге арнайы АҚШ-тан келген қонағымыз Кожыкова Маргарита өздерінің құттықтау лебізін жолдады. Аудан тұрғындары көрмеге қойылған туындыларымен танысу үшін ескі музей ғимаратына барып тамашалай алады, көрме тамыз айының соңына дейін тұратынын қаперге береміз.











