Аудандық музейде көрнекті әдебиеттанушы ғалым, ақын — жазушы жерлесіміз Қабиболла Сыдиықовтың 90 жылдығына орай «Ақық пен жақұт теріп өткен азамат» тақырыбында еске алу шарасы болып өтті. Шараға өлкетанушы ардагерлер, қаламгерлер, Қ.Сыдиықұлының туыстары, аудандық ішкі саясат бөлімі басшысы, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы, аудандық білім бөлімі басшылығы мен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері қатынасты. Шара екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде шара қонақтары «Мүсіндедім бәрін сырбаз сөзбенен» лебіздер галереясымен танысып, Қ.Сыдиықұлы туралы танымал азаматтардың, ақын-жазушылардың пікірлерін тамашалады.«Алқаласа әлеумет» жадыратар жанды сазды үн бөлімінде «Шолпан» оқу орталығы фольклорлық ансамблі төккен күй-жырларына көрермен қанық болды.
Шараның қонақтарына қош келдің лебізімен сөз алған музей басшысы М.Ерісұлы аталған кештің барысына тоқталып өтті. «Өлеңде менің өрісім» поэзия гармониясымен жалғасын тауып, Жылыойлық жас ақындар Е.Ахметкәрімов, Д.Мәдиев, Д.Ізбасарқызы Қ.Сыдиықұлы жырларын мәнеріне келтіріп оқыды.
Қ.Сыдиықұлының музей қорындағы жәдігерлерінен, тұтынған бұйымдары мен қолжазбаларынан, шығармашылық еңбектері, хаттар мен фотосуреттерден жасақталған «Мұратанушы және оның мұрасы» тақырыбындағы көрме көрермен көзайымына айналды. Екінші бөлімде шара қонақтары Қ.Сыдиықұлы туралы өмірбаяндық деректері жинақталған «Алтын, күміс, жоқ іздеген кезбең ем…» атты бейнероликті тамашалап, «Асыл сөздің жоқшысы» бөлімімен жалғасын тапты.
«Аудандық ішкі саясат бөлімі» басшысы А.Нұрмаханова, «Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» басшысы А.Науаров, өлкетанушы ардагерлер, ақын-жазушылар Н.Ақназарұлы, Қ.Қалдыоразұлы, Ә.Жәңкейұлы, туысы И.Тұрсынов естелік әңгіме өрбітіп, М.Әминұлы, Д.Бөкенов, Е.Жанаев сынды қаламгерлер Қ.Сыдиықұлына жырдан шашу арнады. Кеш соңында шара қорытындысы бойынша ұсыныстар айтылып, сөз сөйлегендерге музей атынан естелік сый табысталды.









