Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «АТАМҰРА» КМҚК
ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫ МУЗЕЙІ

«Ескерткіштер елдік тарихымның куәсі»

Жылыой аудандық музейінің 2024 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес «18 сәуір — Тарихи ескерткіштерді қорғау күніне орай» «Ескерткіштер елдік тарихымның куәсі» тақырыбында «Жұбан тамы» мазарына, «Ақкерегешың» үстіртіне тақырыптық экскурсия ұйымдастырылды.

Аталған экскурсияға Т.Байсырымов атындағы Құлсары гуманитарлық-техникалық колледж студенттері, жауапты қызметкерлері және музей мамандары қатынасты.

Экскурсия «Ақкерегешың» үстіртінен басталып, әрі қарай «Жұбан тамы» мазарымен жалғасты. Экскурсия барысында студенттерге түрлі қалып пен пішін қабылдаған борлы тау «Ақкерегешың» тарихы, ХІХ ғасырдағы сәулет өнерінің үздік туындысы, республикалық дәрежеде қорғауға алынған «Жұбан тамы» мазарының құрылысы, Жұбан Еламанұлының өмірдерегі жөнінде мағлұмат берілді. Мұндай экскурсиялар жастардың өлке тарихы мен мәдениетіне деген құштарлығын арттыруына ықпал етеді.