Аудандық музейде бір кездері елдің игілігіне еселі еңбек еткен, жер асты байлығы «қара алтын» мен газды іздеп тауып, оны бұрғылап, жер беріне шығаруға атсалысқан барлаушылардың ерен еңбегін паш ететін экспозициялық бұрыш ашуды, оны аудан халқына,бүгінгі жас буынға насихаттауды мақсат еткен едік. Міне бүгін, осы мақсатта, музейімізде барлаушылар қызметін паш ететін жәдігерлерден құралған арнайы шағын бұрыш ашылды. Осы орайда «Барлаушылар-қара алтын қайнарының бастауы» тақырыбындағы жаңа экспозицияның мен «Жер қойнауын барлаушылар» кітабының тұсаукесер кеші ұйымдастырылды. «Өлі жебемей, тірі байымайды» дегендей, мәжіліс залында ақ пен жеті шелпектен ауыз тиіп, өмірден өткен барлаушы, бұрғышы азаматарды еске алып, рухтарына арнап Құран бағышталды. Шараға барлаушы ардагерлер мен ардагерлердің ұрпақтары қатынасты. Шара барысында сөз алған ардагерлер И.Ізмағанбетов, К.Шаңқанов, С.Сәлімұлы іздеу, бұрғылау қызметі мен оны іске асырған мекемелер тарихы, өлкемізде ашылған кен орындары туралы, әр кезеңде еңбек еткен барлаушылар еңбегі жайында ой толғады.
Кітап тұсаукесері сала ардагерлері Мусиева Айша, Шанханов Кенжегали, Тұрғанова Жұмабике, Молдашева Жаңылға және барлаушылар экспозициялық бұрышын ашу рәсімі ардагерлер Әбіләлиев Елен мен Дәрменов Қозыбай мырзаға жолданды. Әсет Дүйсенбайұлы «Барлаушылар» әнін нақышына келтіре орындап кеш сәнін келтірді. Шара соңында сөз алған музей қызметкері Г.Базарбайқызы экспозициялық бұрышты жасақтауға еңбек сіңірген Серікққали Сәлімұлы ағамызға және барша барлаушы ардагерлерге музей ұжымы атынан да ризашылығық білдірді.








