Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «АТАМҰРА» КМҚК
ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫ МУЗЕЙІ

Музей қоры жаңа туындымен толықты

Жылыой ауданының тұрғыны Қуанбаева Сания жергілікті суретші Қожасилов Бауржанның «Ана мен бала» атты туындысын Жылыой аудандық музейіне тапсырды. Туындыны музейдің қор сақтаушысы Уткелбаева Гүлбану қабылдап алды. Картина аналық мейірім мен перзентке деген шексіз махаббатты бейнелейтін терең мазмұнды көркем шығарма ретінде бағаланды. Композицияның ортасында — мейірлене бауырына баласын құшақтап отырған ана бейнеленген. Бұл көрініс — баланың өміріндегі алғашқы қауіпсіздік, махаббат пен тыныштық мекені — ананың құшағы екендігін шебер жеткізеді.

Картина алдыңғы жағында орналасқан шағын үстелмен толықтырылған. Үстел үстіндегі бір дана алма мен қарапайым ыдыс тұрмыстық шынайылықты айқындап, отбасылық жылылық пен берекенің белгісіне айналған. Алма — тіршіліктің, өмірдің және болашақтың нышаны ретінде композицияның мағынасын тереңдете түседі. Туындының бояу палитрасы жылы әрі үйлесімді. Жұмсақ жарық пен нәзік штрихтар арқылы автор ананың ішкі жан дүниесін, балаға деген шексіз махаббатын, ана жүрегінің тыныштығы мен мейірімін көрерменге әсерлі жеткізе білген.