Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «АТАМҰРА» КМҚК
ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫ МУЗЕЙІ

Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құнды жәдігерлері «Атамұра» музейінің қорына тапсырылды.

Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Атамұра» КМҚК қор бөліміне Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің бағалы жәдігерлері табысталды. Атап айтқанда, ардагерлер – Мұшақұлов Бөлекбай Мұшақұлұлы мен Демесинов Шайдыр Демесінұлына тиесілі медальдар, «Қызыл Ту» ордені, фотосуреттері Шайдыр Демесінұлының өмірбаяны, Бірінші Украиндық фронттан «Алғыс хат» және Бөлекбай Мұшақұлұлының мүшелік билеті музей қорына тапсырылды. Бұл құнды мұраларды музейге Жылыой ауданының тұрғыны, теміржолшы Нұрмахан Ғибрат Жанашұлы өз қолымен табыстады. Ол аталарымыздың ерлік жолын кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында осы бастаманы жүзеге асырып отыр. Жәдігерлерді музейдің қор сақтаушысы Уткелбаева Гүлбану мен архивист Қожахметова Гүлнар  қабылдап алды.

Ардагерлердің соғыстағы ерлігін бейнелейтін бұл тарихи құжаттар мен марапаттар — болашақ ұрпаққа үлгі, ел қорғаған ерлердің ерлігін ұлықтайтын асыл мұра.  «Атамұра» музейі осындай тың жәдігерлер арқылы өзінің қорын байытып, Атырау өңірінің тарихи жадысын сақтау бағытында жұмыстарын жалғастыра береді.