Ұлы Отан соғысының ардагері, елге еңбегі сіңген тұлға Баймұқан Аудановты еске алуға арналған көшпелі көрме ұйымдастырылып, аудан көлеміндегі №16 мектепке апарылды. Ата мұрасын ұрпақ санасына сіңіру мақсатында ұйымдастырылған көрме жас буынға патриоттық тәрбие беруде маңызды рөл атқарды.
Шара барысында Баймұқан Аудановтың өмір жолы мен ерлігі туралы кеңінен айтылып, оның отбасынан — ұлы Сәбит Баймұқанұлы, келіні, немересі және шөбересі арнайы келіп қатысты. Олар Баймұқан атаның өмірі мен ерлікке толы жолы жайлы естеліктерімен бөлісті. Соғыс ардагерінің келіні көрмеге қойылған жәдігерлерді таныстырып, олардың әрқайсысының тарихын түсіндіріп өтті. Айта кетерлік жайт, келіні бір сөзінде: «Атаның көзі тірісінде өзінің соғыс кезінде пайдаланған заттарын музейге тапсыруды аманат еткенін» айтып, бұл шараның маңызын арттыра түсті. Шараның екінші бөлімінде мектептің талантты оқушылары өз өнерлерін көрсетті. Олар дәстүрлі ән айтып, күй тартып, және патриоттық әндермен көрермендердің жүрегін тебірентті. Осындай рухани-мәдени байлыққа толы кездесу жас ұрпаққа тағылымды тәрбие берумен қатар, тарихи сананы жаңғыртуға зор ықпал етті. Іс-шара соңында мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары сөз алып, көрменің тәрбиелік мәніне тоқталып, ұйымдастырушылар мен қонақтарға алғысын білдірді.
Қорытындылай келе, Баймұқан Аудановты еске алуға арналған бұл көрме — өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің жарқын үлгісі болды. Мұндай шаралар арқылы жас буынға ерлік пен елге адал қызмет етудің мәні ұғындырылып, тарихи жады жаңғыртылады. Батырдың өнегелі өмірі мен ерліктері — әрқашан ел есінде.

