Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай, сондай-ақ ұлт көсемдерінің бірі, Алаш арысы Міржақып Дулатовтың туғанына 140 жыл толуына байланысты Жылыой аудандық музейінде «Ақтаңдақтар ақиқаты» атты ақпараттық-танымдық кеш ұйымдастырылды.
Шараға №18 жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушылары мен музей мамандары қатысты.
Алғашқы бөлімде қатысушыларға Сталиндік репрессия және Алаш қозғалысының көрнекті өкілдері жайлы тарихи мағлұматтар ұсынылды. Презентация барысында қазақ зиялыларының ұлт үшін жасаған ерен еңбегі мен сол жолдағы жазықсыз жапа шеккендері жайлы тың деректер баяндалды.
Шараның көркем бөлімінде оқушылар Русланұлы Диас пен Елемесов Ақниет ақын Бүркіт Базарбаевтың «Ай сәулесі» атты кітабынан өлеңдер оқыды. Одан кейін қатысушыларға репрессия құрбандары туралы бейнематериал ұсынылып, сол бір зұлмат жылдардың ауыр зардаптары көрсетілді.
Кеш соңында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған көрме ұйымдастырылды. Көрмеде Сталиндік репрессия құрбаны Қарабалин Ғабдолкәрімнің өмірбаяны, фотосуреттері мен мұрағаттық материалдары жұрт назарына ұсынылды. Бұл тарихи-танымдық көрме қатысушылардың ерекше ықыласына бөленді.
«Ақтаңдақтар ақиқаты» атты тағылымды кеш — жастарға ел тарихындағы ең ауыр кезеңдерден сыр шертіп, тарихи жадыны жаңғыртудың бірегей үлгісі болды.
Гүлжауһар Мейрамқызы
Жылыой ауданы «Атамұра»музейі
Кіші ғылыми қызметкері

