(Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні)
«Ақтаңдақтар ақиқаты» – қазақ халқының ХХ ғасырдағы ең қасіретті кезеңдерінің бірі – саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдарының тарихи ақиқатын айғақтайтын танымдық мазмұндағы маңызды атаулы іс-шара. Кеңестік биліктің қолдан жасаған саясаты салдарынан миллиондаған адам жапа шекті, мыңдаған шаңырақ ортасына түсті, ұлттық болмысқа, ел жадында сақталған рухани мұраларға орны толмас соққы жасалды.
Жылыой өңірі – Атырау облысының құрамындағы тарихи, мәдени, рухани мұраларға бай аймақ. ХХ ғасырдың 20–30-жылдарындағы большевиктік саясаттың зардаптарын алғашқылардың бірі болып сезінген өңірлердің қатарында болды. Ұжымдастыру, тәркілеу, дінге қарсы күрес, кәмпескелеу мен қуғын-сүргін науқандары бұл аймақтың әлеуметтік құрылымын күйретіп, халық санасын күйзелтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тақырыптың маңызын айрықша атап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру бастамасын көтерді. Бұл тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы нақты қадамдардың бірі. Қазақстан Республикасы бойынша 1927–1953 жылдар аралығында 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілген. Кеңес Одағында 953 еңбекпен түзеу лагері жұмыс істеген болса, оның кемінде 20-сы Қазақстан аумағында орналасты.
1931–1933 жылдардағы ашаршылық – қолдан жасалған ұлттық апат. Кеңестік ұжымдастыру саясаты Жылыой өңіріне де ауыр салдарын тигізді. Аудандағы халықтың негізгі күнкөріс көзі – мал шаруашылығы жаппай тәркіленіп, ауыл шаруашылығы құрылымы күйреді. Жергілікті халық жаппай аштыққа ұшырады, тірі қалғандары басқа аймақтарға босып кетті. Музей қорындағы деректер мен ауыл қарияларының естеліктері аштықтан қырылған отбасылардың көп болғанын дәлелдейді. Кейбір елді мекендерде бүтіндей бір әулеттер мен ауылдар жойылып кеткен.
1937–1938 жылдары басталған жаппай саяси қуғын-сүргін кезеңі Жылыой өңірін де қамтыды. Жылыойда ұсталғандар қатарында ауылдық кеңес төрағалары, мектеп мұғалімдері, молдалар мен шынайы ұлтшыл көзқарастағы зиялы қауым өкілдері болған. Оларға «контрреволюциялық әрекет жасады», «шетел барлауымен байланысы бар», «дінді насихаттады» деген жалған айыптар тағылған. Олардың бір бөлігі ату жазасына кесіліп, екіншілері ұзақ мерзімге жер аударылған.
Музей қорында қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың фотосуреттері, жеке заттары, отбасыларының куәліктері мен естеліктері, архивтік хаттамалар мен анықтамалар сақталған. Бұл құжаттар тарихи шындықтың дәлелі ғана емес, бүгінгі ұрпақ үшін тағылымдық маңызы бар дереккөз ретінде қызмет етеді.
Жылыой өлкесінен шыққан Сабыр Ғабдолкәрімұлы сияқты ұлтжанды ұстаздар мен зиялы азаматтар қуғын-сүргін саясатына қарамастан, ағарту ісіне адал қызмет етті. Олар кеңестік озбырлыққа қарсы ашық қарсылық білдірмегенімен, ұлттық рухты, ана тілді, салт-дәстүрді сақтауға тырысып, шынайы ерлік жасады. Олардың өмір жолы – бүгінгі ұрпаққа рухани үлгі.
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл күн аясында Атырау облысы мен Жылыой ауданында тарихи тұлғаларға тағзым етіліп, мемориалдарға гүл шоқтары қойылып, ұрпақтар үнсіздікпен құрмет көрсетеді. Бұл – тарихтан сабақ алуға, әділет пен адамгершілікті ту етіп көтеруге үндейтін күн.
Жылыой өңірінің өткен ғасырдағы қасіретті тарихы – ел есінде сақталар, зерттелер, ұмытылмас тағылым. Музей деректері мен естеліктер – сол шындықтың мәңгі үнсіз, бірақ айқын куәсі.