Аудандық музейде Ұлттық Домбыра күніне және қазақтың біртуар композиторы, дирижері, күй атасы атанған Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған тағылымды шара өтті.
Музей – өткен мен бүгінді жалғайтын рухани алтын көпір. Осы жолы музейдің көрме залы ұлттық өнеріміздің ұлы темірқазығына айналған домбыра аспабын ұлықтауға арналды. Шара аясында ұйымдастырылған «Домбыра – халқымыздың ұлы мұрасы» атты экспозициялық көрмеге музей қорындағы Т.Құлтумиев, А.Жылгелдиев, З.Жарылғасов, М.Ғалымов қолданған домбыралар қойылды. Сонымен қатар, І.Шәкірұлы жасаған басы қалайыдан соғылған бұрышты домбыра, басы қалайыдан соғылып, өрнектелген домбыраны тамашалаушылар ұлттық аспаптың тарихы мен маңызын тереңірек таныды. Көрменің жалғасы – ауданда ұлт аспаптары оркестрінің қалыптасуына себеп болған сазгер, дүлдүл домбырашылар Тоқсанбай Құлтумиев және Зәбен Жарылғасов туралы «Өнер саңлақтары-өлке мақтанышы» атты презентация көрсетілді.
Домбыра – халқымыздың көнеден келе жатқан киелі мұрасы. Екі ішекті қарапайым аспаптан елдің үні, халықтың мұңы мен қуанышы төгіледі. Ол – шежіре, ол – тәрбие құралы. Әрбір күй – бір-бір тарих.
Кеш барысында қатысушылар Н.Тілендиевтің өмірбаяны, шығармашылық жолы, қазақ өнеріне қосқан елеулі үлесі туралы мазмұнды ақпараттармен танысты. Оның дирижерлік қызметі, күйшілік шеберлігі туралы мағлұматтар шараға келген көрермендердің қызығушылығын оятты.
Сонымен қатар, жазғы лагерь оқушыларына арнайы осы тақырыпта викториналық сұрақтар арқылы ойындар өткізілді. Викториналық ойынның қорытындысы бойынша жеңімпаздарға музей атынан сый-сияпаттар табысталды.
Бұл шара өскелең ұрпаққа ұлттық аспаптың қадір-қасиетін түсіндіріп, дәстүрлі өнерге деген қызығушылығын оятуға бағытталды. Домбыра үнін ұлықтаған мұндай мазмұнды шаралар – халқымыздың мәдени тамырына үңіліп, өткенді бағалауға, жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беруге ықпал етеді.
Г. Мейрамқызы
Кіші ғылыми қызметкер






