Теңіз – Қазақстанның батысындағы Атырау облысы Жылыой ауданы аумағында орналасқан, әлемдегі ең ірі мұнай-газ кен орындарының бірі. Географиялық жағынан Каспий маңы бассейнінің оңтүстік – шығыс бөлігін алып жатқан бұл кеніш еліміздің энергетикалық тарихында айрықша орын алады. Оның қойнауындағы байлық мемлекетіміздің экономикасына зор үлес қосып келеді. Дегенмен, Теңіздің атауы тек рекордтық өндіріс көлемдерімен ғана емес, ел жадында мәңгі сақталған ауыр сынақтарымен де байланысты. Сол сынақтардың ішіндегі ең ірісі – осыдан тура 40 жыл бұрын, 1985 жылдың маусым айында болған №37 ұңғымасындағы алапат апат. 4467 метр тереңдікте бұрғыланып жатқан ұңғымада қысым күрт өзгеріп, мұнай-газ қоспасы жер астынан атқылады. Бұрғылау жұмыстары жоспардан бұрын орындалуға жақын еді, бірақ бірнеше сағаттың ішінде жағдай күрт өзгеріп, алып алау аспанға шапшыды. Жалынның биіктігі 300 метрге жетіп, оны ғарыштан да, Каспийдің арғы бетінен де анық көруге болатын. Ұңғыма төңірегіндегі температура Цельсий бойынша 1500 градусқа дейін көтеріліп, топырақ пен минерал қабаттар 4400 градусқа дейін қызды, нәтижесінде, қара түсті ерекше тас – теңгизит пайда болды.
Апат салдарынан ауаға 3,4 миллион тонна мұнай, 1,7 миллиард текше метр жанғыш газ, оның ішінде 516 мың тонна күкіртсутек (немесе 1 миллион тонна күкірт диоксиді), 850 тонна меркаптандар, 1 миллион тонна жанбаған көмірсутегі және 900 мың тонна күйе тарады. Бұл қоспалар ауа мен суды ластап қана қоймай, тірі ағзаға тікелей қауіп төндірді. Күкіртсутек газы суға араласқанда қышқыл ерітіндіге айналып, топырақты улап, өсімдіктер мен жануарларға орны толмас зиян келтірді. Апаттан кейінгі жылдары Атырау облысында қан аздық, туберкулез, қатерлі ісік секілді аурулар күрт көбейді. Апатты сөндіруге елдің түкпір-түкпірінен және одақтың әр аймағынан үздік мамандар мен арнайы техникалар жеткізілді. От пен түтін арасындағы күрес оңай болмады. Апатты жою құрбандықсыз өткен жоқ. 1985 жылдың 29 қазанында Украина КСР Геология министрлігінің Полтава бұрқаққа қарсы бөлімінің қызметкері Владимир Бондаренко қаза тапты. Қаза тапқан қызметкердің құрметіне «Теңіз» вахталық поселкесінде арнайы обелиск орнатылды.
Сол бір оқиғаның куәсі болған заттар бүгінде біздің аудандық музейдің «Теңіз ғаламы» атты экспозициясында сақтаулы. Экспозицияда №37 ұңғымасының маңынан жиналған, оттың ыстығынан тасқа айналған магмалық жыныстар, қаза тапқан Владимир Бондаренконың фотосуреттері және сол кезеңнің сирек мұрағаттық кадрлары қойылған. Музей қорында сақталған әр жәдігер – 40 жыл бұрынғы апаттың ащы шындығын жеткізуші.

