Жылыой аудандық музейінде Құлсары жол дистанциясының 60 жылдығына арналған «Құлсары жол дистанциясы: 60 жылдық тарих және еңбек шежіресі» атты көрме-экспозицияның салтанатты ашылуы өтті.
Тағылымды шараға теміржол саласының ардагерлері, мекеме қызметкерлері, музей ұжымы және аудан тұрғындары қатысып, Құлсары жол дистанциясының алпыс жылдық тарихы мен оның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі кеңінен таныстырылды.
Көрмеде теміржол саласының қалыптасуы мен даму кезеңдерін айғақтайтын архивтік құжаттар, тарихи фотосуреттер, марапаттар, өндірістік құралдар мен музей қорындағы құнды жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды. Экспозиция арқылы келушілер теміржолшылардың қажырлы еңбегімен, олардың өңірдің өркендеуіне қосқан үлесімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Шара барысында музей басшысы, теміржол саласының ардагерлері мен мамандары құттықтау сөз сөйлеп, еңбек жолындағы естеліктерімен бөлісті. Салтанатты рәсімде көрменің лентасы қиылып, қатысушылар жаңа экспозицияны тамашалады.
Бұл көрме – Құлсары жол дистанциясының 60 жылдық еңбек жолын дәріптеп қана қоймай, адал еңбек пен кәсіби жауапкершіліктің үлгісін кейінгі ұрпаққа насихаттайтын маңызды мәдени-танымдық шара болды.